ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ САЯСАТ НҰРБЕК АЗАМАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ САЯСАТ НҰРБЕК АЗАМАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

   ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің азаматтарды жеке қабылдауы өтті. 

   Азаматтарды қабылдау орталығында ведомство басшысы ғылыми технологияларды коммерциализациялау, қазақстандық ғалымдарды шетелден қайтару мәселелері мен оқудан шығып қалған студент қайта оқуды жалғастыру мүмкіндігіне қатысты азаматтардың өтініштерін қарады. 

    С.Сейфуллин атындағы Ұлттық агротехникалық университетінің профессоры Асанхан Шаханов ғылыми технологияларды коммерцияландырудың және оның әдіснамасының маңызды аспектілері бойынша ұсыныстарын келтірді. Ол ғылыми технологияларды коммерцияландыру тәсілін салааралық өзара іс-қимылға негіздеуді ұсынды. Бұл ретте министр ведомство ғылымды дамыту және коммерцияландыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп келетініне тоқталды. Министрліктің былтыр қабылданған жеті жылдық тұжырымдамасында ғылымның дамуына бес негізгі бағыт белгіленген, соның ішінде қолданбалы ғылым мен ғылымның нәтижелерін коммерцияландыру бөлек басым бір бағыт болып бөлінгенін атап өтті. 

    Сонымен қатар министр қабылдауында болған Ұлыбританияның Бристоль университетінде қызмет ететін Салтанат Джаненова Қазақстанда ғылымды дамытуға белсенді қызығушылық танытуда. Қабылдау барысында Салтанат Амангелдіқызы еліміздің әлеуметтік ғылым саласында жұмыс істеуге, британдық және қазақстандық жоғары оқу орындары арасында байланыс орнатуға дайын екендігін жеткізді. Министр ғылыми саладағы шетелдік тәжірибе жергілікті ғылыми базаны дамытуға құнды білім, әдістеме және практикалық дағдылар әкелетінін, сондай-ақ Қазақстанда ғылымның дамуына өз үлесін қосуға дайын болу министрлік тарапынан да қолдау мен назарға лайық екенін атап өтті.

    Саясат Нұрбек азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, олардың сұрақтары бойынша толық жауап берді. Қарауға қосымша уақытты талап ететін мәселелерді министр жеке бақылауға алып, Министрліктің тиісті құрылымдық бөлімшелеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз құзыреті шеңберінде оларды шешуде көмек көрсетуге тапсырма берді.