
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде (Energo University) «Автоматтандыруда, басқаруда және ақпараттық технологияларда жасанды интеллекттің жетістіктері мен қолданылуы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Германия, Қазақстан, АҚШ, Ресей, Түркия, Әзірбайжан, Польша, Украина, Малайзия, Қырғызстан, Перу және Португалиядан беделді ғалымдар, практик-мамандар, оқытушылар, сондай-ақ докторант-білім алушылар, магистранттар мен студенттер қатысты. Жалпы 14 шетелдік және 23 қазақстандық университеттерден 322 қатысушы дайындаған 139 баяндама ұсынылды.
Конференция Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институтының базасында өтті. Пленарлық отырыс аясында «интеллектуалды автоматтандыру және басқару жүйелерінің ғылыми-әдістемелік тәсілдері», «инженерлік жүйелердегі цифрлық технологиялар», «энергетикадағы цифрлық және зияткерлік технологиялар» тақырыптық секциялары өтті.
Жиын барысында адам қызметінің түрлі салаларында жасанды интеллект технологияларын белсенді қолдану талқыланды. Техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығының басшысы Марат Нұрғожин «Ғарыштық технологиялар және жасанды интеллект» тақырыбында баяндама жасаса, Қазақстан-Британ техникалық университетінің қауымдастырылған профессоры Александр Пак медицина саласындағы жасанды интеллект дамуының заманауи үрдістері туралы айтып берді.
Energo University «Автоматтандыру және басқару» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Ирбулат Утепбергенов зияткерлік цифрлық технологияларды зерттеу, әзірлеу және енгізу тәжірибесімен бөлісті. Ал белгілі қазақстандық ғалым, техника ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мамырбек Бейсенби тұрақсыз хаотикалық процестерді басқарудың өзін-өзі ұйымдастыратын жүйелерінің мүмкіндіктерін көрсетті.
Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінің кафедра меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы Анатолий Карпенко жаһандық оңтайландырудың заманауи әдістеріне шолу жасап өтті. Пленарлық отырыста басқа шетелдік ғалымдар да өз баяндамаларын ұсынды: Коджаэли университетінен (Түркия) Муслим Аричи, Әзірбайжан дипломатиялық академиясынан Самир Рустамов, Новосибирск мемлекеттік экономика және басқару университетінің техника ғылымдарының докторы Леонид Бобров және басқалар.
«Бұл ғылыми-практикалық конференция жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы идеялар мен жетістіктерді талқылау және көрсету үшін нақты алаңға айналды. Біздің конференциямыз бүгінгі күні жасанды интеллект ғылыми және практикалық тұрғыдан ең мұқият назар аударатын объект екендігінің тағы бір дәлелі болып табылады», - деп атап өтті Energo University-дің Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институтының директоры Игорь Федоренко.