
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС делегаттары Е.Бөкетов университетінде жұмыс сапарымен болды. Университет ғалымдары Қазақмыс делегациясына қолданбалы бағыттар шеңберінде оқу орнының ғылыми-зерттеу әлеуетінің мүмкіндіктері туралы баяндап берді.
Делегация «Физика-химиялық зерттеу әдістері» инженерлік бейіндегі химия факультетінің зертханасымен танысты. Зертхана хроматографиялық және спектрлік талдауға арналған заманауи құралдармен жабдықталған. Онда қазіргі ғылыми деңгейде объектілердің кең спектріне физика-химиялық талдау жүргізеді, іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындайды.
Профессор М.Байкенов таскөмір шайырын жеңіл фракцияларға өңдеу және көмір тақтатасын кәдеге жарату технологиялары туралы айтып берді. Делегация профессор Ж.Ақылбаев атындағы инженерлік жылу физикасы зертханасының жұмысымен де танысты. Бұл орталық энергетикалық отын алу, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, жылу алмастырғыштарды қақтан тазарту бойынша қазіргі заманғы жылу-физикалық проблемаларды шешуге бағытталған міндеттерді орындайды.
Сондай-ақ делегация «Нанотехнология және функционалдық материалдар» ҒО-да болды. Онда зертхананың бірлесе пайдалану мүмкіндіктері, оның ішінде Tescan сканерлеуші электронды микроскопында нәтижелерді өңдеу жолдары ұсынылды. Сонымен қатар тұрақтылығы мен фотовольтаикалық өнімділігі жақсартылған жоғары тиімді фотоэлектрлік түрлендіргіштерді әзірлеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары көрсетілді.
Биология-география факультетінің биотехнология және экомониторинг зерттеу паркі кәсіпорындарды көгалдандыру бойынша ұсыныстарды әзірлеу, ескірген көмірді қайта өңдеу өнімдерінің биологиялық белсенділігін бағалау және басқа да тау-кен өнеркәсібінің ірі кәсіпорындарымен жұмыс тәжірибесін ұсынды. Сонымен қатар ауысым алдындағы бақылау, денсаулық жағдайын бағалау және өнеркәсіптік кәсіпорындар қызметкерлерінің басқа да көрсеткіштері бойынша бағдарламалық және аппараттық әзірлемелер көрсетілді.
Зертхана жұмыстарымен таныстырып өткеннен кейін дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Басқосу барысында қатысушылар университет пен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің өзара тиімді ынтымақтастығының перспективаларын талқылады. Делегат мүшелері университеттің материалдық-техникалық базасы және зияткерлік әлеуеті жеткілікті жарақтандырылғанын атап өтті.