YESSENOV UNIVERSITY ТҮЛЕКТЕРІ ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

YESSENOV UNIVERSITY ТҮЛЕКТЕРІ ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

    Есенов университеті мен «Қаражанбасмұнай» АҚ арасында өзара ынтымақтастық және түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

    Бұл меморандум Қазақстан Республикасында халықты жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру жүйесін жетілдіруге және дамытуға, Маңғыстау облысының өнеркәсіп салалары бөлінісінде еңбек ресурстарына сұраныстың жай-күйін ескере отырып, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мақсатында білікті кадрлар даярлауға, сондай-ақ жастардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, оларға қажетті еңбек дағдыларын беруге және өндіріске бейімделу бағыттарын іске асыруға мүмкіндік береді.

    «Біз Есенов университетімен тығыз әріптестік байланысымызды жаңа бағытта дамытпақпыз. Заманауи, креативті, алғыр да талапты жас мамандардың өлке өндірісін дамытуға тың серпін беріп, компаниямызды дамытуға сүбелі үлес қосатынына сеніміміз мол. Қос тараптың бірлескен жобасы талай жасты өз ісінің шебері етіп шыңдауға жола ашады деген үміттеміз», - деді Қаражанбасмұнай Бас директоры М.Елеусінов.

   Меморандумда көзделген шарт негізінде университет түлектері компанияда қалыптасқан бос жұмыс орындарының жалпы санының «20%» қағидаты бойынша үш айлық сынақ мерзімінен кейін аутстаффингке қабылданады. Жұмысқа қабылдану үшін үміткер үздік диплом иесі немесеGPA деңгейі 3,67-ден кем емес, жасы 18 бен 34 аралығында болуы шарт. Сонымен қатар үміткерлерді таңдауда түлектің олимпиадалар мен түрлі ғылыми жобаларға, байқауларға қатысуы, ғылыми жетекшілердің ұсынысы, тәжірибеге бағытталған оқыту жобасы аясында бұған дейін Қаражанбас кен орнында тәжірибеден өтіп, өндірістегі жетекшілердің оң бағасын алғанына басымдық беріледі.

    Университет кәсіби қабілеті қалыптасқан мамандарды даярлауда  «Қаражанбасмұнай» АҚ-мен бұрыннан тығыз қарым-қатынаста. 8 білім беру  бағдарламасы бойынша еңбекақы төленетін тәжірибеге бағытталған дуалды оқу үрдісін бірнеше жыл қатарынан бірлесіп жүзеге асырады. Сонымен қатар компания әлеуметтік осал білім алушылардың оқу ақысын қаржыландырады, университет базасында ғылыми зерттеулер жүргізу үшін зертхананың ашылуына демеушілік көрсеткен.

    Осы күнге дейін тәжірибеге бағытталған оқыту жобасы аясында 100-ге жуық YU және колледжі студенті теориялық білімін тәжірибеде қолданып үлгерді.