
Салтанатты іс-шарада ҚР Президентінің кеңесші Мәлік Отарбаев пен Дулати университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов орталықтың лентасын қиды. Ғылыми зертхананың ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімінің аппарат басшысы Лесбек Илебаев, «Амангелді Газ» өңдеу зауытының директор орынбасары Болат Бухбанов, «QazaqGaz – барлау және өндіру» инженерлері Құлмағанбет Уалиев және Ғалым Дәндібай арнайы келіп қатысты.
Зертхана ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру аясында қолға алынған. Жоба жетекшісі – PhD докторы Арман Кабдушев. Бүгінгі таңда зертхана жабдықталуы толығымен аяқталды. Ғылыми қызметкерлер, магистранттар мен студенттер аталған орталықта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді бастап кетті. Зертхананың мақсаты – мұнай-газ, кен орындарындағы ұңғылардың цементтелу сапасын арттыруға бағытталған.
– Бүгінгі таңда ғылым саласына үлкен мән берілуде. Өткен жылы Президент жанындағы Ғылыми кеңес отырысы өткен болатын. Еліміздегі танымал ғалымдар сол кезде өз ойларын ортаға салды. Президент ғылымды дамытуда біршама нақты тапсырмалар берді. Бүгінде сол бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі ашылып отырған зертхана магистранттар, докторанттар, жас ғалымдардың жұмысына серпін беріп, мұнай-газ саласындағы құрылыста сапаны және өнімділікті жақсартуда септігін тигізеді деп сенемін, - деді Мәлік Отарбаев.
Университет ректоры Мұхтар Қазбекұлы Мемлекет тапсырмасы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан жас ғалымдарды қолдау жыл сайын күшейтіліп келе жатқанына тоқталды. – Жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың нәтижесінде сұранысқа ие жобалар еліміздің әр өңірінде іске асырылып жатыр.
Қазақстандық ғалымдардың ғылыми жарияланымдарының саны мен сапасы артты. Ақпарат ретінде айта кетсек, 2024-2026 жылдарға жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 18 млрд теңге қарастырылған. Бұл ақпаратты айтып отырған себебіміз, «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру аясында ашылып отыр.
Зертхана 2023 жылы желтоқсан айында толық жабдықталды. Қазіргі таңда зертханада PhD докторы Арман Кабдушев жетекшілігімен докторанттар мен магистранттар, бакалаврлар білім алып, зерттеулерін жүргізіп, ғылыммен айналасуда. Тек 2023 жылдың өзінде зертхана жұмыстарының нәтижесінде 6 мақала Scopus базасына шықты, - деді Мұхтар Қазбекұлы.
Мұнай және газ ұнғымаларын бұрғылау жұмыстарына арналған ерітінділердің, тампонаждық материалдың, цементтелу процесінің сапалы болуы мен мұнай және газ ұңғыларының қызмет мерзімін ұлғайтатыны туралы айтылды. Зертханада технологиялық қасиеттері зерттелген жаңа материалдар мен ерітінділер Батыс Қазақстан облысында «BJ URAL» ЖШС полигонында сынақтан өтіп, оң нәтижесін көрсеткен. Аталған оратлық халықаралық стандарттар бойынша зерттеулер жүргізетін республикадағы жалғыз зертхана.
Жоба елдегі мұнай-газ саласындағы ұңғымаларды бұрғылау және бекіту кезіндегі мәселелерді шешуге бағытталған. Осыған дейін өңірдегі Амангелді газ конденсат кенорынымен, яғни «QazaqGaz барлау және өндіру» ЖШС дуалды оқыту, студенттердің тәжірибеден өтуі сияқты бағыттарында тығыз жұмыс жасап келсе, алдағы уақытта зертхана аясында ғылым бағытындағы бірлескен жобаларды атқаруға мүмкіндік туады.