
Академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында республика көлемінде өтіп жатқан ғылыми іс-шаралар мен конференциялардың басты тақырыбы – ғылым мен технологияның интеграциясы болды. Ұлы ғалымның жетістіктері мен оның ұлттық экономиканы жаңғыртуға қосқан үлесі Қазақстан ғалымдары мен инженерлерінің бүгінгі ұрпағына шабыт беріп, оларды ынтымақтастыққа біріктіруде.
Қаныш Сәтбаевтың мерейтойы күндері Сәтбаев Университетінің Металлургия және байыту институтына «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев «Kazakhmys Barlau» компаниясындағы әріптестерімен бірге жұмыс сапарымен келді. Ғылым мен өндірістің күш-жігерін біріктіру – еліміздің ілгері басуы мен экономикалық тиімділігін арттырудың кепілі – ғалымдар мен металлургтер басқосуда сөйлеген сөздерінің жалпы мәні осындай.
Мұндай ынтымақтастық қарым-қатынастың дәлелі ретінде қазір жұмыс үстіндегі «Қазақмыс Прогресс» компаниясының жоғары сапада тазартылған селен өндіру жөніндегі операциялық цехын айтуға болады. Сәтбаев Университетінің Металлургия және байыту институтының ғалымдары жүргізген ғылыми зерттеулердің нәтижелері арқасында осы цехты ашуға мүмкіндік туды, сондай-ақ олар шикі селенді тазартудың экологиялық таза технологиясын да әзірледі.
– Таза өнімді өндіру жобасы ғылым, білім және бизнес арасындағы өзара ажырамас байланысты сақтаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр, бұл бізге өндіріс тиімділігін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға да көмектеседі», – деді өз сөзінде «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев.
Металдарды тереңдете өңдеу – ел экономикасын әртараптандыру жөніндегі негізгі міндеттерінің бірін шешуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған Жолдауында атап өткен болатын. Сондықтан да қазір еліміздің түкпір-түкпіріндегі металлургтер Металлургия және байыту институты ғалымдарының жасаған әзірлемелеріне үлкен қызығушылық танытуда.
Металлургия және байыту институтының бас директоры Бағдәулет Кенжалиев қонақтарға жаңа ғылыми әзірлемелерді көрсетіп, оларды тәжірибелік-эксперименттік металлургиялық өндіріс процесімен таныстырды.
«Kazakhmys» корпорациясының басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев ғылыми зерттеулерге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге дайын екенін айтты. Сонымен қатар Металлургия және байыту институтында әзірленген құрамында алтыны бар концентраттарды және шаңды қайта өңдейтін вакуумдық-термиялық деарсенация технологиясы мен қорғасын өндірісінің шаңын Жезқазған мен Балқаш зауыттарында өнеркәсіптік ауқымда кеңінен қолдану мүмкіндігі туралы келісімге алдын ала қол жеткізілді.
Осы ретте Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев осы ғылыми жұмыстардың нәтижелерін іс жүзінде қолдануда белсенділік таныту керектігі жөнінде ғалымдарға ұсыныс жасады:
«Біз қиын мәселелерді анықтап, оларды шешу жолдарын ұсынуды үйренуіміз керек. Бұл ғылым мен бизнес арасында өзара тиімді және берік ынтымақтастық қарым-қатынас орнатудың бірден-бір жолы», – деп атап өтті Мейрам Бегентаев.
Өндіріс пен отандық ғылымды біріктіру Қазақстанның ғылыми-технологиялық даму жолын қайта форматтау процесін бастауға мүмкіндік береді. «Kazakhmys» корпорациясының металлургтері қазір күкіртті мыс концентраттарын балқыту, өнеркәсіп өнімдері мен мыс өндірісінің қалдықтарын гидрометаллургиялық өңдеу процестерін жетілдірумен айналысуда. Ал Сәтбаев Университетінің ғалымдары Балқаш және Жезқазған мыс балқыту зауыттарындағы бұл процестерге ғылыми қолдау көрсетуге дайын.