ҚАНЫШ СӘТБАЕВҚА 125 ЖЫЛ: ЕҰУ-ДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

ҚАНЫШ СӘТБАЕВҚА 125 ЖЫЛ: ЕҰУ-ДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

   Бүгін – Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл. Осыған орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы»  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

   Конференцияға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Парламент депутаттары, ғылыми және академиялық қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.

   Конференция барысында  Президент кеңесшісі Күнсұлу Закария қатысушыларға Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқыды. Онда «Қаныш - Қазақстан тарихында айрықша орны бар тұғырлы тұлға. Академиктің мол мұрасын жан-жақты дәріптеп, есімін ұлықтау - ұрпақ парызы» деп көрсетілген.

   «Ғылыми қауымдастық 2024 жылы еліміздің тұңғыш академигі, Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтеді. 2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндер тізбесіне сәйкес ҚР Үкіметі Сәтбаевтың мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспарды бекітті. Ғалымның ғылыми-мәдени мұрасына кешенді зерттеу жүргізу жоспарлануда. Оның қорытындысы бойынша Сәтбаев еңбектерінің толық академиялық бес томдығы шығарылады. Сондай-ақ, академик Қаныш Сәтбаевтың БҰҰ-ның 6 тіліндегі биобиблиографиясы жасалады», - деді министр Саясат Нұрбек.

   Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде Қаныш Сәтбаевтың ұлтқа қызмет етуде аға буынды үлгі еткенін, ел ісінде барлық салаға белсене араласқанын, Қазақстан ғылымының өркендеуіне елеулі үлес қосқанын, ғалымның ғылыми мұрасы 800-ге жуық мақаланы қамтитынын, оның редакциясымен Қазақ КСР Ғылым академиясының 30-дан астам ғылыми еңбектер жинағы жарық көргендігін атап өтті.

   «Біз Еуразия ұлттық университетінде жастардың бойына ғылымның, білімнің және адамгершіліктің жоғары құндылықтарын сіңіреміз. Қаныш Имантайұлы сияқты дарынды, кәсіби деңгейі жоғары, ұлтжанды тұлғаларды тәрбиелеу – мемлекеттіліктің нығаюына, инновациялық экономика мен әділетті қоғамның дамуына қосқан үлес. Бүгін университет еліміздің барша ғылыми қауымын осы конференцияда қарсы алуға қуанышты», - деп атап өтті Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

   Конференцияға қатысушылар Қаныш Имантайұлының мұрасын дәріптеу мәселелерін, Мемлекет басшысының Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында алға қойған міндеттерін талқылады.

   Сондай-ақ, бұл күні заңғар тұлғаны еске алу мақсатында Еуразия ұлттық университетінде «Планетарлық денгейдегі тұлға» көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрме бірнеше тақырыптық аймақтарға бөлінді.    

   Конференцияға қатысушылар мен студенттер ЕҰУ қабырғасында ғұлама ғалымның туған жерінен арнайы әкелінген эксклюзивті жәдігерлермен танысты. Баянауыл мемориалдық мұражайы академиктің жеке заттарын көпшілік назарына  ұсынды. 

   Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабаев ЕҰУ-да алғаш рет Қаныш Имантайұлына арналған портреттер топтамасын ұсынды. Қылқалам шебері қазақтық біртуар тұлғасына өзінің 20 шығармасын арнады.