
Астанада Ғылым қызметкерлері күні мен академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай «Ғылыми Білім, инновация және жастар-тұрақты даму негіздері» халықаралық ғылыми форумы өтті.
Қазақстанның барлық өңірлерінен 700-ден астам оқушы және Қырғызстан, АҚШ, Индонезия келген оқушылар онлайн және офлайн түрде қатысқан форумның негізгі мақсаты – ғылымды жас буын арасында насихаттау, оның ішінде оқушылардың ғылыми және зерттеу шығармашылығын көтермелеу.
Форумның бірінші күні жиналғандар алдында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Әділет министрі Азамат Есқараев, сондай-ақ BRISEC Президенті, Қытай Ғылым академиясының академигі профессор Хянг Пинг Ву, BRISEC вице-президенті, Экономикалық ынтымақтастық елдерінің ғылыми қорының кеңесшісі, IAP SEP Халықаралық консультативтік кеңесінің мүшесі, Үнді мәдени форумының төрағасы Манзур Сомро сөз сөйледі.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқушылардың алдында сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ғылым саласында орын алып жатқан оң өзгерістер жөнінде айтып берді, сондай-ақ іс-шараға қатысушы жас ғалымдарды ғылыммен айналысуды жалғастыруға шақырды.
«Бұл іс-шара болашақ зерттеушілер үшін, яғни сіздер үшін өз идеяларыңызбен бөлісу және бір-біріңізді ғылыми жаңалықтарды ашуға шабыттандыру үшін тамаша мүмкіндік. Сіздің осы форумға қатысуыңыз – білім мен инновация қалыптастыратын болашақты құрудағы қадам. Сіз біздің еліміздің болашағысыз және сіздің ынта-жігеріңіз бен шығармашылығыңыз ғылым мен білім беруде жаңа биіктерге жету үшін қажет негізгі қасиеттер болып табылады», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Әділет министрі Азамат Есқараев оқушыларға арнаған сөзінде ғылымның қазіргі заманда маңыздылығына тоқталып, Халықаралық форум әртүрлі елдердің жас ақыл-ойы үшін ғылым мен инновация саласында идеялармен, зерттеулермен және тәжірибемен алмасуға тамаша мүмкіндік болып табылады. Біз Сіздерден, құрметті оқушылар, еліміздің болашағын, болашақ ғалымдарды, инженерлерді, кәсіпкерлер мен көшбасшыларды көреміз, олар біздің қоғамымыздың тұрақты дамуын қалыптастырады", - деді.
«Оқушыларға арналған ғылыми форум – өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін шоғырландыру және олардың ғылымға деген адалдығын ынталандыру. Оның ерекшелігі – балалардың өздері спикер ретінде сөз сөйлеп, халықаралық аренада шыққан өздерінің жобалары туралы әңгімелей алады», - деді ICSC Президенті Лаззат Құсайынова.
Шара соңында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек халықаралық байқаулардың жеңімпаздарына алғыс хаттар табыс етті.
Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Ұлттық зияткерлік меншік институтының (Qazpatent) қолдауымен және «International Centre of Scientific Collaborations» бастамасымен өткізілді.
Айта кетейік, оқушыларға арналған Халықаралық ғылыми форум 13 сәуірге дейін өтеді. Іс-шараның екінші және үшінші күндері «QAZPATENT» Ұлттық зияткерлік меншік институтының алаңында оқушылар мен мұғалімдерге арналған тренингтер өтеді.