
11 сәуір күні Ғылым күнін қызметкерлерінің күнін және қазақтың ұлы геолог-ғалымы, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын атап өту үшін, белгілі ғалымдар мен студенттер, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҚР Ұлттық ғылым академиясының өкілдері Сәтбаев Университетіне жиналды. Олар ұлы ғалымға құрметпен тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Сәтбаев Университетінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік іс-шара Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасына және оның Қазақстан ғылымы мен білімін дамытуға қосқан үлесіне деген құрметтің айқын көрінісі болды. Көктемнің осы шуақты күнінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов, Ұлттық инженерлік академияның президенті Бақытжан Жұмағұлов, «QazaqGaz» компаниясы Басқармасының төрағасы Санжар Жаркешов, ERG және «Қазақмыс- Барлау» компанияларының өкілдері және ғылыммен өндіріс орындарының басқа да жетекшілері Алматыда бас қосты. Іс-шараға ұлы ғалымның ұрпақтары мен шәкірттері, немересі, профессор, химия ғылымдарының докторы Әлима Жармағамбетова келді.
"Сіздерді Ғылым күнімен, Қаныш Имантайұлының мерейтойымен және осында, ескерткіштің жанына жиналу дәстүрінің 25 жылдығымен құттықтаймын", – деді Әлима Қайнекейқызы өз сөзінде. – Мен атамыздың ескерткіші дәл осы жерде, Қазақстандағы ең үздік техникалық университеттің алдында тұрғанына өте қуаныштымын.
Салтанатты шараға қатысушылар Сәтбаевтың идеясы мен мұрасын одан әрі дамытып, ісін жалғастыру үшін, оның өнегесінен шабыт алып, жоғары ғылыми жетістіктерін еске алды.
Салтанатты жиыннан кейін «International Satbayev Conference 2024. Ғылым мен технологияның интеграциясы: тұрақты даму жолы» (Сәтбаев оқулары – 2024) атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Биылғы жылғы конференцияда ғылыми қауымдастықтың мүдделері мен тұрақты даму мәселелеріне Қаныш Сәтбаев рухына ерекше көңіл бөлінді.