YESSENOV UNIVERSITY ҚҰЛСАРЫЛЫҚТАРДЫ ЖАТАҚХАНАЛАРЫНА ОРНАЛАСТЫРДЫ

YESSENOV UNIVERSITY ҚҰЛСАРЫЛЫҚТАРДЫ ЖАТАҚХАНАЛАРЫНА ОРНАЛАСТЫРДЫ

    Есенов университетінің студенттері мен ұжымы көршілес өңірлердегі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету шараларына белсенді қатысып жатыр. Күрделі жағдайға байланысты Yessenov University-де профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен студенттерінен еріктілер штабы құрылды.

    Есенов университетінің еріктілері жерлестеріміздің жағдайына бей-жай қарамай, қажетті керек-жарақтарды жинап жатыр, ал профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлеріміз бірлесе отыра бір күндік табыстарын су тасқынынан зардап шеккендерге арнайы көмек Қорына жіберген болатын.

    7 сәуірде Yessenov University еріктілері Атырау облысынан көшірілген тұрғындарды 3Б шағын ауданда орналасқан университет жатақханасына орналастыруды бастады. Сонымен қатар, олар эвакуацияланған тұрғындарды ыстық тамақпен, дәрі-дәрмектермен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етті.

    «Төрт қабатты жатақханамыздың әр бөлмесінде төсек-орын, жуынатын бөлме және басқа да қажетті заттар қарастырылған. Жатақхананың бірінші қабатында кең ас үй бар. Еріктілеріміз киіз үй тігіп, келген балаларға ойын алаңын жасап, тамақ жағынан қамтамасыз етуге көмектесіп жатыр», - деді Есенов университетінің қызметкері Алибек Нысанов.

    Қазіргі уақытта жатақханада 200-ге жуық адам орналасты, оның 78-і балалар.