СУ ТАСҚЫНЫНА ҚАРСЫ ШАРАЛАРҒА ЖҰБАНОВ УНИВЕРСИТЕТІНЕН 500-ГЕ ЖУЫҚ ЕРІКТІ АТСАЛЫСУДА

СУ ТАСҚЫНЫНА ҚАРСЫ ШАРАЛАРҒА ЖҰБАНОВ УНИВЕРСИТЕТІНЕН 500-ГЕ ЖУЫҚ ЕРІКТІ АТСАЛЫСУДА

    Ақтөбе облысында су тасқынына қарсы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. «Күшіміз-Бірлікте» акциясы аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінен 500-ге жуық ерікті 27-наурыздан бастап апаттан қорғау шараларына, соның ішінде, құм тасу, бөгет жасау және эвакуациялау жұмыстарына атсалысуда.

    Сонымен қатар, гуманитарлық көмек көрсету орталықтарында қажетті тұрмыстық тауарларды үлестіру және реттеу жұмыстарына да көмектесуде.

     Ал эвакуация аймағында қызмет етіп жүрген құтқарушыларға университет қызметкерлері мен оқытушылары, шаруашылық бөлімінің мамандары, «азық-түлік өнімдерінің технологиясы» мамандығының студенттері 250-ден астам ыстық тағам таратты. Эвакуациялық пункттерде орналасқан отбасыларға психологиялық қолдау көрсету мақсатында педагогика және білім берудегі менеджмент факультетінің оқытушылары мен студенттері тұрақты түрде психологиялық тренингтер өткізіп келеді. Ал кәсіби-шығармашылық факультетінің суретшілері арт-терапия және балаларға арналған сурет салудан мастер кластар ұйымдастырды.

    Университет ректоры Лаура Қарабасова сын сағатта қоғамның ортақ мақсатқа бірігіп, бірлік көрсетуі – маңызды құндылықтарымыздың бірі екендігін атап өтті.

    - Еліміздің бірқатар өңірлерінде болып жатқан су тасқыны жағдайында біз билік пен қоғамның бірігіп әрекет жасап отырғанын көріп отырмыз. Әсіресе біз, Жұбанов университеті, Ақтөбе өңіріндегі аса маңызды әлеуметтік институт ретінде жерлестерімізге барынша қолдау көрсетудеміз,-деді ректор.

    Оқу орнының басшысы аталмыш шаралардың маңызды тәрбиелік функциясы бар екендігіне тоқталды. Сондай-ақ университет жатақханаларында су тасқынынан зардап шеккен студенттерге уақытша тұруға жағдай жасалған.