
Ғылым күні қарсаңында М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Суды тазалау және материалдар» зертханасының ашылу салтанаты өтті.
Ашылу салтанатын ұйымдастыру комитеті: «Химия және химиялық технология» кафедрасының «Физика-химиялық зерттеу» орталығы.Зертхананың ашылу салтанатында Химия ғылымдарының докторы, Назарбаев Университетінің және Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Гүлнар Сугурбекова және Дулати университетінің Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов, «Химия және химиялық технология» кафедрасының меңгерушісі Маржан Калмаханова лентаны қиды.
Зертхананың мақсаты – ағынды сулар, ауыз су, қалалық ағынды сулардың сапасы мен құрамын анықтау, судың құрамында кездесетін зиянды ластаушы заттарды идентификациялау мен мөлшерлік анықтау, каталитикалық жетілдірілген тотығу процестерін жүргізу, фильтр жүйелеріне арналған полимерлі мембраналарды синтездеу.
Жиынды Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов құттықтау сөзбен ашып, бүгінгі таңда білім мен ғылым саласына көп көңіл бөлініп жатқанын тілге тиек етіп, су саласы мамандығының өзектілігіне,маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде жастарды су саласы мамандықтарына, химиялық технология салаларына оқуға шақырып, ел мүддесіне қызмет етуге үндеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды және шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керектігін атап өтті. Аталған мәселелерді жою мақсатында сапалы зерттеулер мен талдау жүргізу үшін заманауи құралдармен жабдықталған зертхана ашу маңызды.
Зертхана Ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурс нәтижесі бойынша «Қазақстандағы қалалық тазарту құрылыстарының ағынды суларындағы қауіп тудыратын ластаушы заттарды анықтау және тазарту» тақырыбындағы 34 айға арналаған жобаның негізінде құралды. Жоба жетекшісі – «Химия және химиялық технология» кафедрасының меңгерушісі, PhD Маржан Калмаханова.
«Казфосфат» ЖШС Оқыту және персоналды дамыту жөніндегі менеджер Ақмарал Муканова Дулати университетімен ынтымақтастық аясында атқарылып жатқан жұмыстың жемісті болғанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта университет қабырғасында білім алған жастар білікті мамандардың қатарын толықтырарына сенім білдірді.