
Сәтбаев Университетінде тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімін ұзартуға, сондай-ақ рН-сезімталды сенсор арқылы олардың сапасын бақылауға көмектесетін, биологиялық ыдырайтын, биоүйлесімді, жеңіл әрі арзан қаптама материал әзірлеп шығарылды.
Сәтбаев Университетінің профессоры Сана Қабдрахманова жетекшілік ететін ғылыми топ қалдықтар мен жаңартылатын ресурстардан микро- және наноцеллюлоза, сонымен қатар метилцеллюлоза мен карбоксиметилцеллюлоза өндіру ісімен айналысады. Шикізат ретінде бір жылдық өсімдіктер мен ауыл шаруашылығы қалдықтары: күнбағыс, соя және күріш қауызы, шикі мақта, сонымен қатар модификацияланған крахмал мен целлюлозалы материалдар пайдаланылады.
Қаптаманың рН-сезімталдығын арттыру үшін ғалымдар қызыл қырыққабат пен гибискустың өсімдік сығындыларынан алынған антоцианин пигментін пайдаланды. Сондықтан да қаптаманың түс қарқындылығын өзгерту бұзылған өнімдерді анықтауға көмектеседі.
Азық-түлік өнімдеріне арналған рН-сезімталды орау материалдарын жасау Қазақстанда «жасыл» және «ақылды» технологияларды дамытуға, азық-түлікті, дәрілік заттарды, тіпті бұрғылауға арналған сұйықтықтарды сақтау және тасымалдау үшін агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өнеркәсібінің қалдықтары негізінде рН-сезімталды қаптамалар өндірісін құруға көмектеседі.
Биологиялық тұрғыда өзгеріске ұшырау бейімділігінің салдарынан кәдімгі пластик қаптамалар бір рет қолданғаннан кейін жарамсыз болып, қалдыққа айналады – бұл біздің планетамызға орасан зор зиян келтіреді. Сондықтан да қазір бүкіл әлемде биологиялық тұрғыда ыдырайтын пластикке сұраныс артып келеді. БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін, Қазақстанда бөлшек сауда орындарында полиэтилен пакеттерін сатуға біртіндеп тыйым салу мәселесі талқылануда, әрі 2025 жылдан бастап полиэтилен пакеттерін сатуға толық тыйым салу ұсынылып отыр. Бұл өз кезегінде Сәтбаев Университеті ғалымдарының ғылыми жобасының өзектілігін және зерттеу нәтижелерінің практикалық маңыздылығын арттырады.