
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Гонконг білім хатшысының міндетін атқарушы Зечун Фай Джефпен кездесуі өтті. Тараптар Қазақстан мен Гонконгтың жоғары білім саласындағы ағымдағы ынтымақтастығын талқылады.
Министр Саясат Нұрбек Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың тағылымдамадан өту үшін жыл сайын жетекші шетелдік жоғары оқу орындары мен ҒЗИ-ға ғалымдарды жіберу тапсырмасы туралы хабарлады. Зечун Фай Джеф мырза қазақстандық ғалымдардың Гонконгтың жетекші жоғары оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өтуіне толық көмек көрсетуге және Қазақстанда CityU филиалын ашу мүмкіндігін қарастыруға уәде берді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ағымдағы жылғы 19 сәуірде ҚХР Білім министрінің Қазақстанға сапары кезінде ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылауға келісті.
Сондай-ақ, министр С. Нұрбек 2024 жылғы 3 сәуірде Гонконгта өткен инновациялар мен технологиялардың екінші жаһандық саммитіне қатысты. Негізгі баяндамашы ретінде сөз сөйлеген Саясат Нұрбек жоғары білім беру саласында жүргізіліп жатқан реформалар, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарының ашылуы, Қазақстанның Орталық Азиядағы академиялық хаб ретінде дамуы бойынша жүргізіліп жатқан саясат туралы айтып берді.
Инновациялар мен технологиялардың Екінші жаһандық саммиті ғылым, технология және білім беру саласындағы әлемдік ынтымақтастықты дамыту, инновациялық ойлауды ынталандыру және технологиялық дамуға жәрдемдесу үшін маңызды платформа болып табылатынын атап өтеміз.