
Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы мен Астана IT университеті ұйымдастыруымен еліміздің жоғары оқу орындарының сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің басшылары үшін «Жоғары білім сапасын ішкі қамтамасыз ету жүйесі: тараптар көзқарасы» тақырыбында интерактивті семинар өтті.
Іс-шараны Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының директоры Ермек Мақаш құттықтау сөзімен ашты.
Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен аккредиттеу органдарының өкілдері, еліміздің жоғары оқу орындарының сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің басшылары қатысты.Семинар Research. Modeling. Discussion (RMD) форматында өтті: 1) ғылыми компонент; 2) академиялық компонент және 3) пікірталас бөлімі. Сондай-ақ іс-шарада Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының жоғары білім сапасын қамтамасыз ету зертханасының ашылуы болды.
«Жоғары оқу орындары, аккредиттеу органдары мен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынас ынтымақтастық әлде қарсылыққа құрылған ба» тақырыбындағы пікірталас бөлімінде: ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Джарасова және Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің басқарма жетекшісі Эльвира Сапарбекова, Жоғары білім сапасын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін реинжинирингтеу арқылы Қазақстандағы университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру жобасының ғылыми жетекшісі Айдос Мұқатаев, Астана IT университетінің сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Ханат Қасенов, Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің директоры Алина Жұмағұлова және Тәуелсіз Қазақстандық аккредиттеу орталығының директоры Бегалы Халмұратов сөз сөйледі.
Талқылау нәтижелері бойынша қатысушылар жоғары білімнің ішкі сапасын қамтамасыз ету мәселелері барлық тараптар үшін маңызды құрамдас бөлігі болып табылады және ашылған зертхана шеңберінде Қазақстандағы жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету жүйесін зерттеу және әдістемелік қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыру қажет деген қорытындыға келді.