Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында орналасқан Heriot-Watt университетінің филиалына түсуге арналған ағылшын тілінен тестілеу емтиханына Ақтөбе облысы аудандарының, қала мектептерінің және Қызылорда, Орал, Шымкент, Павлодар өңірлерінің талапкерлері қатысты.
Филиал студенті атануға ниетті қызылордалық ағайынды-егіздер Елдос пен Ердос Жарылқасыновтар Heriot-Watt университетінің Ақтөбедегі филиалы туралы ақпаратты әлеуметтік желіден білген.
- Екеуміздің де емтиханға дайындығымыз ойдағыдай. Бойымызда сәл қобалжу бар екенін жасырмаймыз. Егер Heriot-Watt филиалының студенті атансақ, электроэнергетика мамандығын таңдаймыз деп жоспарлап отырмыз. Емтиханға қатысушыларға сәттілік тілейміз! –дейді ағайынды-егіздер.
Сондай-ақ Орал қаласынан келген талапкер Сабина Жумагалиева ағылшын тілінен өтетін емтиханға жоғары деңгейдегі дайындықпен келгенін айтады. Оралдық талапкердің айтуынша, Heriot-Watt филиалы туралы кәсіби бағдарлау жұмыстары арқылы білген.
- Британдық университеттің филиалы Жұбанов университеті базасында ашылады деген жаңалықты өткен жылы естіп, қатты қызықтым. Шетелге шықпай-ақ әлемнің жетекші университетінің студенті атану, сұранысқа сай маман иесі болу таптырмас мүмкіндік,-дейді оқушы.