
Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Атырау облысына жұмыс сапары барысында Utebayev University-де атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарымен танысты.
Университет ректоры Гүлзада Шакуликова қонақтарға оқу орнының «индустриалды университет» моделіне көшу барысын, стратегиялық даму жоспарындағы міндеттерді баяндады. Utebayev University базасындағы Н.Балғымбаев атындағы коммуникацияларды дамыту Орталығында еліміздің мұнай өндіру тарихын қамтитын интерактивті музей мен виртуалды кітапхана және студенттердің мұнайды бұрғылау, өндіру, өңдеу дағдысын дамытуға қажет соңғы үлгідегі жабдықтар бар.
Орталықта сонымен қатар И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің Қазақстандағы филиалы орналасқан. Премьер-Министрдің орынбасары мен Ғылым және жоғары білім министрі Utebayev University базасында ашылған Губкин университетінің оқу процесімен танысып, студенттермен кездесті.
Мемлекет басшысының еліміздің өңірлерінде шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын құру туралы тапсырмасының аясында ашылған оқу орнында қазір студенттер «Мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану», «Мұнай-газ технологиялары», «Мұнай мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу» бағдарламалары бойынша білім алуда. Оларға Губкин университетінің профессор-оқытушылары да дәріс береді.
Utebayev University Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай-газ университетімен 2015 жылдан бері серіктестік байланыста. Ынтымақтастық аясында Губкин университеті Utebayev University кітапханасына 1500-ге жуық кітап сыйлады. Студенттерге Губкин университетінің электронды кітапхана жүйесі де қолжетімді.
«Жаһандық білім беру нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін үздік тәжірибелерді енгізу еліміздің кадрлық әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Қазақстанның болашағы – білімді жастар. Мен сіздерге сенемін, оқуда табыс тілеймін», - деді Тамара Қасымқызы.
Қонақтарға Utebayev University ғылыми жетістіктері де таныстырылды. Оның ішінде «Жоғары сапалы битум композициясын алу», «Қалалық және өндірістік ағынды суды тұздан тазарту және флокулянттар алу», «Құрылыс материалдарын өндіру үшін құрамында күкірт бар қалдықтарды қайта өңдеу», «Мұнай өндіру көлемін арттыруда технологиялық міндеттерді шешу үшін жасанды интеллектті қолдану», «Жасанды интеллект әдістерімен болашақ мамандықтар құзыреттілігін форсайттық болжау» жобалары бар.
Ал студенттік клубтар мен бастамалар көрмесінде «GREEN ENGINEERING», «Заманауи электр энергетикасы», «Мұнайшы», «Робототехника» үйірмелері, Мұнай инженерлері қоғамы (SPE), Белсенділер ұйымының қатысушылары өз жұмыстарын көрсетті.Мұнай-газ өнеркәсібіне кәсіби кадрлар даярлайтын Utebayev University жоғары білім берумен қатар мұнай-газ саласының өзекті мәселелерін шешу үшін білім беру, ғылыми және өндірістік қауымдастықтарды біріктіру бағытында тың жобаларды қолға алып келеді.