
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі және бас консулы келді.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Даниэл Розенблюм мен бас консул Мишель Еркин І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттерімен кездесті. Шетелдік дипломаттар білім ордасындағы «Шетел тілі: екі шетел тілі бағдарламасының студенттеріне АҚШ-тың Орталық Азиядағы сыртқы саясаты туралы қонақ дәріс өткізді.
«АҚШ әлемнің түрлі елдеріндегі инновациялар мен білім беру саласын дамытуды белсенді қолдайды. Университеттер арасындағы ынтымақтастық дипломатиялық қарым-қатынастың алғышарты. Сіздер тіл үйрену арқылы АҚШ мәдениетін зерттеп, білім көкжиегін кеңейте аласыздар. Біздің бұл сапарымыз екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, трансатлантикалық байланыстың маңыздылығын арттырады», - деді Даниэл Розенблюм.
Студенттер өз кезегінде елшіден АҚШ-тың жетекші оқу орындарында білім алуға арналған бағдарламалар, әлеуметтік жобалар туралы сұрады.
Кездесу соңында АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі ЖОО студенттерінің ағылшын тілінде сөйлеу мәдениетіне жоғары баға берді.
Айта кетейік, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті АҚШ еліндегі бірнеше жоғары оқу орынымен байланыс орнатқан. Мәселен, былтырғы оқу жылында студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Лоуренс технологиялық университетінде білім алса, бір оқытушы Нью-Йорк фильм академиясынан (New York Film Academy) бір жылдық тағылымдамадан өтіп, диплом алды. Биылғы оқу жылында Жетісу университетінің үш оқытушысы АҚШ-та білімін жетілдірмек.