
Ахмет Ясауи университетінде «Жас дипломаттарға семинар» жобасы аясында Италия Республикасы Генуя университетінің доктор-профессоры және Италияның Генуя қаласы мэриясының Халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы Андреа Менегатти семинар өтті.
Андреа Менегатти – саясаттану, муниципалды басқару салаларының үздік маманы, саяси ғылымдар докторы. «Батыс Африкадағы Ислам: жас африкалық демократиядағы сопылық және фундаментализм» кітабының авторы.
Экономика, басқару және құқық факультетінің студенттері мен магистранттарына бағытталған семинар «Италияның жергілікті билік дипломатиясы» тақырыбында болды.
Семинар барысында Италияның «Еуропалық одақ» ұйымындағы орны мен рөлі, Италия мен Еуропалық одақ елдеріндегі демократияның даму үдерісі және адам құқықтары кеңінен баяндалды. Әсіресе Италияның жоғары оқу орындарындағы ғылыми зерттеу жұмыстары мен зерттеу әдістеріне қатысты тәжірибесімен бөлісті. Италияны Еуропаның өзге елдерімен салыстыра отырып, сыртқы саясатын саралады.
Сонымен қатар, Италияның жергілікті басқару органдарының ерекшеліктері және оның билік тармақтарымен байланыстары, әрі халықаралық қатынастарды жүргізу әдістеріне баса назар аударды.
Шетелдік профессордың шеберлік сабағы бір апта шамасында өтті. Семинар соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарына жауап алып, пікір алмасты.