
Бүгін Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Президент салтанатты жиынға қатысқан әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, сөз сөйледі.
«8 наурыз – көктем мерекесі. Бұл – сұлулықтың, мейірім мен жылулықтың символына айналған мереке. Біз ер-азамат болып, сіздерді жоғары бағалаймыз, құрметтейміз және жақсы көреміз. Нәзік жандарға деген біздің ықыласымыз, ілтипатымыз әрдайым ерекше. Жалпы, әйелді құрметтей білген қоғамды мәдениетті, өркениетті қоғам деуге болады. Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Қыздарын қадірлеп, төріне шығарған. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы «Ару-Ана» үздік әйелдер жобасы байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Түрлі салада әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып, азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосып жүрген қыз-келіншектер алты номинация бойынша марапатталды.
Республикалық «Ару-Ана» байқауында «С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректоры Шакуликова Гүлзада Тәңірбергенқызы «Ғылым саласындағы үздік жоба» номинациясы бойынша жүлдегер атанды.
«Әйел – ұлттың айнасы, ұлттық тәрбиенің алтын қазығы. Әйелмен әлем әдемі. Қай елдің болмасын өркениетті тұрғыда дамуы әйелдер қауымы мен олардың интеллектуалдық капиталына тікелей байланысты. Елімізде гендерлік саясат дамып, көшбасшы әйелдер қатары артып келеді. Бұл марапат - біздің ортақ жеңісіміз. Мерекеміз құтты болсын!», - деді Гүлзада Шакуликова.