Utebayev University Caspian SDG Hub жұмысын жалғастыруда

Utebayev University Caspian SDG Hub жұмысын жалғастыруда

Utebayev University шетелдік университеттермен, халықаралық ұйымдармен байланысын нығайтып келеді. Академиялық мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Нұркен Ахметов бастаған университет делегациясы Әзірбайжанның техникалық жоғары оқу орындарымен байланыс орнату мақсатында Бакуге жұмыс сапарымен барды.

Делегация Баку мұнай және газ институты, Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университеті, АДА университеті, Әзірбайжан мұнай және өнеркәсіп университеті, Баку мұнай жоғары мектебінде кездесулер өткізіп, меморандумдарға қол қойды.

Алдағы уақытта білімгерлер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, өзара тәжірибе алмасу, бірлескен жобалар мен ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша жұмыстар жүзеге асырылады. Делегация өкілдері сапар барысында SOCAR ұлттық мұнай компаниясының кен орындарын да аралады.

Өңірлік университеттегі интернационалдандыру үрдісін іске асыруда Каспий маңы техникалық жоғары оқу орындарының коллаборациясы стратегиялық тұрғыдан да маңызды.

Айта кету керек, 2020 жылы Utebayev University-де құрамында Каспий маңы өңірінің 12 техникалық жоғары оқу орыны бар Caspian SDG Hub құрылған болатын. Хаб БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға ықпал ету үшін Каспий маңы өңірі жоғары оқу орындарының күш-жігері мен бастамаларын біріктіруге бағытталған. Хаб сапалы білім беру, инфрақұрылымды дамыту, жағалаулық экожүйелердің мониторингі және экологиялық қауіпсіздігі бойынша бірлескен жұмыстарды іске асырады.