
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ педагогика ғылымдарының кандидаты Альмира Ибашованың жетекшілігімен SMART-білім беру жағдайында «Scratch» және «Робототехника» курстары бойынша бастауыш мектепте ақпараттық білім ортасы әзірленді.
Жоба аясында бастауыш сыныптарда оқытудың педагогикалық шарттары анықталып, «Scratch» және «Робототехника» курстары бойынша контент бағдарламасы дайындалды.
Жаңа бағдарлама балалардың ұлттық танымын арттыруға үлес қоспақ. Енді бастауыш сынып оқушылары қазақ аңыз-ертегі кейіпкерлерін ақпаратты техника арқылы танып-білетін болады. Сондай-ақ, робототехника мен ақпаратты-техникалық қосымшадағы ойын ережелері арқылы қазақы бұйымдар мен ұлттық ойындарға қызығушылығы артады. Ол үшін жоғарыда аталған курстар аясында дамытушы анимациялық бейнероликтер мен ойын жаттығулары әзірленді.
1-4 бастауыш сыныптар үшін типтік бағдарламаға сәйкес ойын тренажерлері, Padlet интерактивті тақтаға арналған 46 тапсырмадан құралған. Бұл ойын жаттығулары Umaigra, WordWall, LearningApps, LiveWorksheets, тағы басқа онлайн-платформаларда жасалынды. Оқу-әдістемелік құралдары жарияланып, авторлық куәлікке қолжеткізілді. Қазір ақпараттық білім ортасын пайдалану бойынша мектептерде тәжірибелік-эксперименттік жұмыстары жүргізілуде.
Жобаның жұмыс тобында сондай-ақ Роза Қадырбаева, Лаура Сүлейменова, Гүлира Нұрмұханбетова, Баян Уәлиханова, магистр-оқытушылар Нұрлан Қаратаев, Дамира Белесова, Лаура Миннахитова бар.