Utebayev University мұнай-газ саласы мамандарының біліктілігін арттыруда

Utebayev University мұнай-газ саласы мамандарының біліктілігін арттыруда

Lifelong Learning немесе үздіксіз білім беру - әлемдегі басты трендтердің бірі. Utebayev University Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты үздіксіз білім беру (өмір бойы оқыту) тұжырымдамасының қағидатын ұстана отырып, мұнай-газ саласы субъектілері үшін арнайы оқыту курстарын ұйымдастырып келеді. Бүгінде аталған институттың бір бөлігі Астана, Алматы, Ақтау қалаларында да жұмыс істейді.

Тапсырыс берушілердің қажеттілігі мен сұранысына сәйкес университет базасында немесе өндірістік нысандарда өтетін бағдарламалар мен тренингтерге қызығушылық танытатындар қатары артып отыр. Институттың кадрлық әлеуетін университет профессорларымен бірге индустриядағы тәжірибелі мамандар, еліміздегі және шетелдердегі белгілі ғалымдар құрайды.

Айталық, жуырда «КТК» АҚ қызметкерлері біліктілікті жетілдіру курсына қатысып, сертификат алды. Оларға И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай-газ университетінен шақыртылған профессор-оқытушылар дәріс берді. Аталған институт сонымен қатар Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетімен және «Сколково» Мәскеу басқару мектебінің энергетика орталығымен серіктестік байланыста.

Utebayev University біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты мұнай-газ саласы қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеру, дағдылары мен құзыреттерін кеңейту мақсатында дәрістер курсын, семинар-тренингтер өткізеді және МВА, ЕМВА бағдарламаларын жүзеге асырады.

Айта кетейік, өткен жылы осы оқу орны қабырғасында Орталық Азияда алғаш рет Executive MBA «Энергетика саласындағы әйелдер көшбасшылығы» білім беру бағдарламасы ашылған болатын.