
Торайғыров университетінің профессоры картоп өсірушілерге отырғызу материалдарын патогендерге тексеруге көмектесуде. Сонымен қатар, Павлодар облысының ірі шаруа қожалықтарына қолдау көрсетуде.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Ирина Аникина өсімдіктердің биотехнологиясын зерттеуде. Ол өсімдіктерді микроклональді көбейту, диагностикалау, сауықтыру, бастапқы өсімдік шаруашылығы және гидропоникамен айналысады.
«Біз жоғары сапалы өнімді тұрақты түрде алу үшін отырғызу материалын қалыптастырамыз. Картоп – шығыны мол өсімдік және алқаптарды өңдеу үшін фунгицид пен тұқымға шығындалуды қажет етеді. Тұқым құрамында бастапқыда патогендер болса, бұл шығындар өзін-өзі ақтап шыға алмайды. Өңіріміздің климаттық жағдайы ерекше деуге болады. Вегетациялық кезең қысқа, күрт құбылмалы ауа райы, топырақ жағдайы мардымсыз, яғни, өзге Солтүстік облыстармен салыстырғанда топырақ сапасы төмен. Бұның барлығы өсімдіктерге әсер етеді. Олар әрдайым күйзелісте болады. Бұл жүктемені төмендету әдістері мен технологияларды әзірлеу, олардың бейімделу және төзімділік қасиеттерін дамытуға негізделеді. Аталған маңызды бағыт аймақ шаруаларына жақсы өнім алуға мүмкіндік береді»,– дейді Ирина Аникина.
Ирина Аникина – 50-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Оның ішінде Scopus базасындағы 10 жарияланым, төрт оқу әдістемесі және 1 монография бар. Зерттеудің негізгі бағыттары – өсімдіктердің биотехнологиясы. Ол өсімдік шаруашылығы өнімдерін сұрыптық сынақтан өткізу жөніндегі республикалық комиссия мүшесі. 2023 жылы Ирина Аникина «ЖОО үздік оқытушысы – 2023» байқауының жеңімпазы атанды.