
Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлескен алқасының кеңейтілген отырысы өтті. Басты тақырып қазіргі заманғы жоғары білімнің сапасы мен қолжетімділігі болды.
Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ректорлары, Министрліктің ҒЗИ және ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары, мектеп мекемелерінің директорлары қатысты.
Саясат Нұрбек өз баяндамасында 2023 жылғы жетістіктерге егжей-тегжейлі тоқталып, ведомствода қозғалатын негізгі міндеттер мен бағыттарды ұсынды. Министр өз баяндамасында бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы өткен жылы 20% – ға, магистратура мен докторантура – 15% – ға өскенін, сондай-ақ биыл да ұлғаю жоспарланғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан ғылымы мен ғалымдарын дәріптеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ғылыми қоғамдастықты ынталандыру үшін ғалымдардың орташа жалақысы 2 есеге артты. Іргелі зерттеулермен айналысатын ҒЗИ-ді тікелей қаржыландыру енгізілді.
Айта кету керек, 2023 жылы мақсатты нәтижелерге қол жеткізілді, ал 2024 жылға бірқатар міндеттер қойылды, оны ведомство ЖОО және ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп шешуге кірісті.
«Министрлік жоғары білімге қолжетімділікті сақтап, сапаны арттырудың жаңа тетіктерін енгізуі қажет. Халықтың демографиялық өсуі білім беру бюджетінің шығындарын бірнеше есе арттырады. Біз білім беруді қаржыландырудың жаңа моделіне көшуді бастаймыз. Ағымдағы жылы «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі іске қосылады, ол ата-аналар мен мемлекеттің балалардың болашағы үшін ортақ жауапкершілігін енгізеді. Бұл жинақтар «Ұлттық қор – балаларға» жобасы шеңберінде қалыптастырылған қаражатпен бірге жастарға сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда заң жобасы Мәжілісте қаралуда. Айта кету керек, гранттар саны азаймайды, керісінше биыл 5000 – ға артып – 93000 грантты құрайды», - деп атап өтті С.Нұрбек.
Жоғары оқу орындарының инфрақұрылымына және студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде 20 университет базасында академиялық шеберлік орталықтарын құру жобалары іске асырылуда. Сондай-ақ, ҚазҰУ-қалашығы, ЕҰУ-қалашығы қосымша корпустарының құрылысы бақылауға алынды, Қонаев қаласында академиялық қалашық салу жоспарлануда.
Осы міндеттерге қол жеткізу мақсатында жыл ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп жобаларды қаржылық қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу мәселесі пысықталатын болады.
Оның ішінде инженерлік және техникалық кадрларды даярлау жүйесі қайта қаралып, күшейтілді: инженерлік білім берудің жаңа моделі бойынша пайым әзірленді, білім беру бағдарламалары қайта қаралуда, оның шеңберінде студенттер екінші және үшінші курстардан ұлттық біліктілік шеңберінің 4 және 5 деңгейлері бойынша біліктілік сертификатын ала алады.
Шетелдік серіктес ЖОО-ларды тарта отырып, үш ЖОО базасында жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау бойынша білім беру бағдарламалары әзірленуде. Бұл бағдарламалар Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарына таратылатын болады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында ғалымдардың мәртебесін көтеру, кадрлық әлеуетті нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді. Ғылым және технологиялық саясат туралы заң жобасы әзірленіп, Мәжіліске енгізілді. Бүгінгі таңда ғылымды дамыту жөніндегі ведомствоның негізгі міндеті – ғылыми қызмет нәтижелерін бизнесті белсенді тарта отырып, оларды енгізу мен коммерцияландыруға жеткізу.
«Бүгінде ғылым мен бизнестің тығыз интеграциясы, мемлекет, ғылым және жеке капитал арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді моделін құру қажет. Бұл ғылымның үдемелі дамуының негізгі шарттарының бірі. Бұған халықаралық озық тәжірибе дәлел бола алады. Бүгінгі таңда ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының алдына негізгі міндеттер қойып отыр. Ғалымдар мен ЖОО-лардың профессор – оқытушылар құрамының атынан біз Мемлекет басшысы мен Үкімет қойған міндеттерді шешуге бар күшімізді салатынымызға сендіргім келеді», - деп түйіндеді министр.
Барлық спикерлерді тыңдап, Тамара Дүйсенова министрліктер мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың алдына білім беру және ғылыми қызмет саласын жетілдіру бойынша нақты мақсаттар қойды. Премьер-Министрдің орынбасары ел экономикасының өсу драйвері ретінде сапалы адами капиталды қалыптастыру мен дамытудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету екі ведомствоның басты міндеті екенін атап өтті.