
Елдің дамуы мен өркендеуі жоғары технологиялар және ғылыми жетістіктермен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қай кезде де ғылым – дамудың басты кілті саналған. Адамзат тарихындағы барлық жетістікке білімнің арқасында қол жеткізілді.
Президенттің сөзін Қарағанды Бөкетов университетінің ғалымдары іс жүзінде дәлелдеп келеді. Олар қазір Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын бірқатар гранттық жобаны жүзеге асыруда. Соның бірі – «Өнеркәсіптік жылу алмастырғыштардың жылу беру тиімділігін арттыру үшін энергия үнемдейтін қондырғы құру» жобасы.
Жоба жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты, Бөкетов университетінің профессоры Бекболат Нүсіпбеков 350-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбегін, оның ішінде Web of Science базасына кіретін нөлдік емес импакт-факторы бар ғылыми журналдарға 64 еңбегін, Scopus базасына 24 еңбегін жариялады.
Зерттеу барысында материалдарды бұзудың, электр жарылысының жылу-масса алмасуын қарқындатудың және көп фазалы орталардың гидродинамикалық заңдылықтарын белгілеудің жаңа тиімді жолдарын іздестіру жүргізілетін болады. Зерттеу нәтижелері шағын және орта қазандықтардың құбырлары, конденсаторлардың құбыр байламдары және энергетика салаларының ең жоғары қазандықтары сияқты жылу алмастырғыш аппараттардың жұмысын жақсарту үшін электр гидравликалық әсерді пайдалана отырып, энергия үнемдейтін қондырғы жасауға мүмкіндік береді.
Энергия үнемдегіш қондырғыны жылу алмастырғыш аппараттарды тазалауда қолдану тиісті аппараттарды пайдалану мен жөндеуге кететін шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Мұның сөзсіз экономикалық және әлеуметтік жағынан пайдасы мол. Осылайша коммерцияландыру және өндіріске енгізуге лайықты тәжірибелік-өнеркәсіптік үлгі жасалады.
Сондай-ақ, жоба аясында органикалық қалдықтарды өңдеу және шикізаттан құнды компоненттер алу үшін электрогидравликалық қондырғы қолданылады. Бұл зерттеу жұмыстарымен Бөкетов университетінің докторанттары Мөлдір Дүйсенбаева мен Дидар Оспанова айналысады.