
Флориана қаласында өткен «Азия-Еуропа» форумы (ASEM) аясында форумға мүше елдердің Білім министрлерінің 9-шы кездесуіне (ASEMME9) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов қатысты.
«Ешкім шетте қалмасын» тақырыбында өткен ASEM Білім министрлерінің 9-шы кездесуі барысында 4 басты мәселеге көңіл бөлінді. Бұлар: БҰҰ деңгейінде қабылданған тұрақты даму мақсаттары мен білім, шетелдік дипломдарды тану және теңгерімді ұтқырлық, өмір бойы оқу мен техникалық және кәсіптік білім алу, жоғары білім саласындағы цифрландыру.
Кездесу барысында сөз алған вице-министр Т. Ешенқұлов еліміздің жоғары білім саласында жүргізіп жатқан цифрландыру тәжірибесімен бөлісті. Атап айтқанда, қазіргі таңда барлық қазақстандық ЖОО-ның өз LMS-жүйелері бар екенін айтты. Сондай-ақ, бірқатар ЖОО-да цифрлық университет модельдері құрылып белсенді түрде жетілдіріліп жатқаны жайлы ақпарат берді.
Сонымен қатар, іс-шара аясында форумға мүше елдердің білім берудің жоғары лауазымды тұлғаларының 2-ші кездесуі және ASEM-DUO стипендиялық бағдарламасы сарапшыларының 12-ші кездесуі өтті. Қазақстандық делегация барлық кездесулердің жұмысына белсенді атсалысып, әлемде орын алып жатқан жоғарғы білім саласындағы соңғы трендтер жайлы пікір алмасып, елімізде жоғары білімге қолжетімділікті арттыру бойынша жүргізіліп жатқан қадамдар жайлы мәліметтермен бөлісті.
1996 жылы Бангкокта басталған Asem форумы саяси, экономикалық, қаржылық, әлеуметтік, мәдени және білім беру мәселелерін талқылау үшін маңызды алаң болды. Іс-шаралар әр екі жыл сайын Азия мен Еуропа елдерінде кезек-кезек түрлі форматта өтеді. Қазақстан бұл форумға 2014 жылы қосылған.
Бұдан бөлек вице-министр Талғат Ешенқұлов Жапонияның Білім, мәдениет, спорт, ғылым және технологиялар вице-министрі Акио Фуджиуарамен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақ-Жапон үкіметтік және жеке секторлардың экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясы аясында екі елдің жоғары білімге жауапты министрліктері арасында ғылым және жоғары білім саласындағы мәселелерді талқылайтын бірлескен кіші комитет құру бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ, бірқатар екіжақты ынтымақтастық жобалар талқыланды.
Өз кезегінде вице-министр А.Фудзивара Қазақстан мен Жапония арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.
Қазақстан мен Жапония арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық 2004 жылы екі ел үкіметтері арасында қол қойылған Техникалық ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде дамуда. Қазіргі таңда екі елдің жоғары оқу орындары арасында 50-ге жуық келісім жасалған.
Айта кету керек, Қазақстан мен Жапония арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық 2004 жылы екі елдің үкіметтері арасында қол қойылған техникалық ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде дамып келеді. Қазіргі уақытта екі елдің жоғары оқу орындары арасында 50-ге жуық келісім жасалды. Жыл сайын Қазақстан мен Жапония ондаған жастарды академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша бір-бірінің университеттеріне оқуға жібереді. Соңғы жылдары бағдарлама аясында қазақ университеттерінің жапон студенттерін таңдауында оң динамика байқалды.