2024 - 2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа өтінімдерді қабылдау аяқталды.
Барлығы 406 өтінім түсті, бұл 2023–2025 жылдарға арналған конкурспен салыстырғанда үштен бірге артық. Бір жоба бойынша гранттың максималды сомасы 350 млн. теңгені құрайды. 2024-2026 жылдарға арналған коммерцияландыру жобаларын қаржыландырудың жалпы бюджеті 24,5 млрд. теңгені құрайды. Грант алатын барлық жобалар 2024-2026 жылдар аралығында жүзеге асырылуы тиіс.
Бүгінгі таңда Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы тіркелген өтінімдерді конкурстық құжаттамаға сәйкестігін тексеруде. Ресми тексеру нәтижелері бойынша өтініш берушілерге ескертулерді түзетуге үш күн беріледі. Ескертулер жойылғаннан кейін пысықталған өтінімдер тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, технологиялық-экономикалық (маркетингтік) сараптама кезеңіне жіберіледі.
ҰМҒТСО сараптамасы аяқталуына қарай жиынтық қорытындылар қалыптастырылатын болады.
Жобалардың рейтингтік тізімі мен құжаттар пакеті Ұлттық ғылыми кеңеске жіберіледі, ол қаржыландыруды мақұлдау туралы шешім қабылдайды.
Айта кететіні, биылғы жылы жобаларға қойылатын талаптар күшейтілді, кем дегенде 6 және одан жоғары технологиялық дайындық деңгейін анықтау әдістемесіне сәйкес келетін жобалар қаржыландырылады.