Досмұхамедов университеті 13 Start-UP жобаны қаржыландырды

Досмұхамедов университеті 13 Start-UP жобаны қаржыландырды

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жас мамандар мен студенттердің Start-UP жобаларына қайтарымсыз грант табыстады.

Сарапшылар байқауға қатысқан 22 ұсыныстың ішінен іріктеп 13 жобаға қаржы бөлуді мақұлдады.

Байқаудың мақсаты – жас мамандар мен студенттер арасында шығармашылық идеялар мен кәсіпкерлік қабілеттерді дамыту, ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу, жаңа перспективалы білім беруді қолдау, әлеуметтік тың идеяларды қаржыландыруды көздейді. Университет биыл үміткерлердің қанатқақты жобасын дамытуға жалпы көлемі 12 милллион теңге қаражат бөлген.

Жеңімпаз жобалардың қатарында «Art studio» мен «American English» жобалары – 300 мыңнан, «EdVenture» орталығы және «iCreate» графикалық иллюстрация курсы мен қызметтері – 400 мыңан, «One way» ораторлық мектебі мен «Newlook» медиа қызметі және «IDEP» клуб – 500 мыңнан, «Шыны қалдықтарын пайдаланып эпоксидті шайырдан әшекей бұйымдар өндіру» – 600 мың, «Soz joq» – 800 мың, «Онлайн бағдарламалау мектебі» – 1 миллион, «Car Wash» мобильді қосымша – 1 миллион 400 мың, «ASU KPI» – 2 миллион 500 мың, «Asu.edu.kz» ақпараттық сайтын жасауға – 2 миллион 800 мың теңге қаражат берілді.

Байқауға Асқар Алдан – «КазРоботикс» Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясы Атырау облысы филиалының директоры, Асқар Секербаев – «Kazboltservice» ЖШС басқарушы серіктесі, бизнес-тренер, Нелли Тулегенова – әлеуметтік кәсіпкер, «Educate N Guide» ағылшын тілі мектебінің және «Partyum» балаларды дамыту орталығының директоры, Жайық Габдулин – «West Eco Energy» ЖШС компаниясының иегері, «Kaz Elite Strоy» ЖШС Атырау филиалының директоры сынды әр саланының білікті мамандарынан құралған сарапшылар қазылық жасады.

Х.Досмұхамедов университеті 2020 жылдан бастап Start-UP жобаларды қаржыландыруды бастаған. Өткен жылдарда 10 идеяларға 3 миллион 800 мың теңге бөлсе, биыл оқу орны гарант көлемін 6 есеге арттырып, жобалар санын көбейткен.