Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ ғалымы педагогтарды STEM бағытында даярлауға арналған жобамен айналысуда

Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ ғалымы педагогтарды STEM бағытында даярлауға арналған жобамен айналысуда

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ химия ғалымдарының кандидаты Хадиша Әбдірахманова педагогтарды STEM бағытында даярлауға арналған жобамен айналысуда. ҰМҒТСО тарапынан ғылымды және ғылыми техникалар мен өндірістерді жан-жақты дамыту мақсатында, 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа қатысқан университет ғалымының жобасы үздік деп танылып, жеңіске жеткен болатын.

Үздіктер қатарынан табылған гранттық жоба тақырыбы «Білім беруді цифрландыру жағдайында болашақ жаратылыстану пәндері мұғалімдерінің STEM-құзыреттерін қалыптастыру» деп аталады. Жобаның ұлттық ауқымдағы маңыздылығы Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған білім беруді дамытудың тұжырымдамасына, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына, сондай-ақ «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Қазақстанда STEM-білім беруді енгізу қажеттілігіне негізделеді.

Жобаның негізгі идеясы – білім беруді цифрландыру жағдайында болашақ мұғалімдердің жаратылыстану пәндері бойынша STEM-құзыреттерін қалыптастыру арқылы қазіргі заманғы педагогикалық білім беру жүйесінің сапасын арттыру.

Бұл зерттеуде алғаш рет оңтүстік өңірінің мұғалімдерін STEM-білім беруге жүйелі түрде педагогикалық ЖОО-да даярлау мәселесі қарастырылуда. Осыған орай жоба шеңберінде болашақ жаратылыстану пәні мұғалімдерінің STEM-құзыреттерін қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген.

Солардың бірі: «Орта білім берудегі STEM-тәсіл» атты Minor білім беру бағдарламасын әзірлеу және оны жаратылыстану-ғылыми мамандықтардың оқу жоспарына енгізу. Бұл Minor бағдарламасына үш пән кіреді: орта білім беруді цифрландыру технологиялары және робототехника; 3D-модельдеу және инжиниринг негіздері; орта білім берудегі STEM контекстінде жобалық оқыту.

Қазіргі уақытта оны 2024 жылдың күзінде апробациядан өткізу үшін бағдарламаның контентін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Оқу процесі мектептегі студенттердің педагогикалық тәжірибесінде және STEM логикасындағы дипломдық жобаларды қорғауда өз жалғасын табады.

Зерттеу нәтижелері білім беру бағдарламаларын одан әрі жетілдіруге оң әсер етіп, жаратылыстану пәндері бойынша болашақ мұғалімдерді даярлау әдістемесін жетілдіру үшін теориялық, әдістемелік және практикалық алғышарттар жасайды. Сонымен қатар күтілетін нәтижелер жаратылыстану пәндері бойынша болашақ мұғалімдердің STEM-құзыреттіліктерін қалыптастыруға және соның салдарынан олардың кәсіби өсуіне ықпал етеді.

Мектептерге оқушылардың сыни, инновациялық және шығармашылық ойлау, проблемаларды шешу, коммуникация және топтық жұмыс дағдыларын дамыта алатын білікті мұғалімдер келеді. Мұндай дағдылар қоғамды цифрландыру және уақыттың жаһандық сын-қатерлері жағдайында болашақ мамандарға ауадай қажет.

Осылайша, жоба нәтижесі экономиканы дамытуға және адамдардың өмірін жақсартуға ықпал ете отырып, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тиімді болмақ.