
Білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты, жас ғалымдар мен студенттер тағылымдамадан өтті. Осы жылдың қаңтар айында Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ делегациясы Польшаға жұмыс сапары аясында ең әуелі Краков қаласындағы Аграрлық университетке ат басын бұрды. Сондай-ақ, экологиялық таза өнім өндіру үшін инновациялық технологияларды пайдаланатын озық агротехникалық кәсіпорындар кіретін «Green Factory» холдингке барды.
Жиын барысында Қазақстандық делегация білім беру саласында серіктестік орнатып, әріптестерімен органикалық заттардың биотехнологиясы және химиялық технологиясы салаларындағы бірлескен зерттеулерді талқылады.
Конференцияда әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, т.ғ.д., профессор Марат Кеңесұлы Ибатов «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті: бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау» тақырыбында баяндама жасады. «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі Алтынай Темірбекқызы Такибаева «Лаймс» және «Milk crusty» жаңа инновациялық өнімдерін жасаудағы практикалық тәжірибесімен бөлісті. Ол, кафедра оқытушылары мен студенттерінің қолынан шыққан «Milk crusty» табиғи өнімі «Halal EXPO-2021» көрмесінде «Халал кәсіпорын-2021» атағын алып, табиғи өнімдер тізіміне енгенін хабарлады.
Сонымен қатар, Қазақстандық делегация университеттегі тәжірибелік сабақтарға қатысып, топырақ өңдеу, өсімдік биотехнологиясы, мал шаруашылығы және ветеринария факультеттерінің зертханаларымен және олардың құрал-жабдықтарымен танысты. Делегация мүшелері «Green Factory» холдингінің құрамына кіретін «Agrarna AR», «Firma SVI», «Primavega» компанияларына экскурсиядан үлкен әсер алды.
Краков қаласындағы Ауылшаруашылық университетінің үйлестіруімен «Agrarna AR» компаниясы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің биотехнологиясы және органикалық заттардың химиялық технологиясы саласында жас ғалымдар мен студенттерге ақылы тағылымдамадан өтуді ұйымдастыруға, сондай-ақ бірлескен оқу және ғылыми зерттеулерге мүмкіндік беретін үшжақты келісімге отыру туралы шешім қабылдады. Бұл ретте «Agrarna AR» компаниясы студенттердің барлық шығындарын өтеп, оларға ай сайын 1200 еуро көлемінде стипендия береді.
Айта кету керек, «Green Factory» холдингінде 1300 қызметкер жұмыс істейді. Ал, барлық өндіріс Польша, Украина, Литва және Венгриядағы 5 зауытта жүзеге асырылады. Холдинг өнімдері жоғары сапасын Германия, Чехия, Словакия, Скандинавия және Украина сияқты сұранысқа ие экспорттық нарықтардағы сатып алушылар мойындаған. Топқа нақты салаларға маманданған 20-дан астам компания кіреді.
Краковтағы Ауылшаруашылық университеті Польшадағы жаратылыстану ғылымдары саласындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Біздің университеттер арасындағы ынтымақтастықтан басқа, биотехнология саласында кадрлар даярлау саласында бірлескен білім беру магистратура бағдарламаларын жүзеге асыру және Erasmus+ жобаларына бірлесіп қатысу туралы келісімге қол жеткізілді. 2024 жылдың сәуір айында Краков Ауылшаруашылық университетінің делегациясы ынтымақтастықтың одан арғы перспективаларын талқылау үшін Қазақстанға жауап сапарымен келеді.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің әлемнің жетекші университеттерімен, ғылыми және өндірістік орталықтарымен халықаралық ынтымақтастығы дамып, нығаюда.