
Ахмет Ясауи университетінде «Педагогикалық білім беру моделін іске асыру және оның мазмұнын күшейту» жобасының екінші кезеңі басталды. Оқыту курсына білім ордасының 187 оқытушы-профессоры қатысуда.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, ұйымдастырған жоба педагогикалық білім беру бағдарламаларын іске асыратын 42 жоғары оқу орнынан 1800 профессор-оқытушылар құрамын оқытуға бағытталған.
Жобаның мақсаты – білім беруді жаңғырту жағдайында педагогикалық құзыреттілік салаларын арттыру және оқу бағдарламаларын (силлабустар) әзірлеу арқылы кәсіби құзыреттіліктерді терең түсіндіру.
Жалпы оқу бағдарламасы 72 оқу сағатынан тұрады. Алғашқы бағдарлау апталығында қатысушыларға онлайн семинарлар өткізілді. Бұдан әрі синхронды онлайн оқыту кезеңі түсіндірілді. Ендігі кезекте университеттің оқытушы-профессорлар құрамы үшін шетелдік және Қазақстандық эксперттердің қатысуымен арнайы оқыту кезеңі басталды.
Оқыту курсының ашылу салтанатына Ахмет Ясауи университетінің академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Идрисова қатысып, спикерлер мен қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тренингтің басты мақсаты – профессор-оқытушылар құрамына әдістемелік қолдау, табысты тәжірибе туралы ақпарат және жаңа білім беру бағдарламаларын енгізуге байланысты практикалық құралдарды ұсыну.
Семинарларды өткізетін эксперттердің құрамында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Назарбаев университетінің өкілдері және қаржылық сарапшылар бар.
Аталған жобада қатысушыларды білімді бірлесіп, құруға және педагогикалық принциптер мен тәсілдер туралы қамтылады. Профессор-оқытушылар құрамын оқыту жаратылыстану және математика, гуманитарлық ғылымдар, арнайы білім бағыттары бойынша жүргізіледі.
Бір апталық оқыту негізгі педагогикалық принциптермен және тақырыптармен, сондай-ақ бағдарламалық модельмен және жаңа білім беру бағдарламаларымен таныстыруды көздейді. Яғни, оқу бағдарламасынан өткеннен кейін қатысушылардан: өткен тақырыптарды ескере отырып, силлабустарды әзірлеу; оқуға қолайлы оқу ортасын құру; белсенді оқытудың цифрлық технологиялары мен әдістемелерін қолдану; оқытуды бағалауды әзірлеу және бағалау критерийлерін жасау; өз университетінде білім беру бағдарламаларын жасаушы ретіндегі рөлін түсіну сынды нәтижелер күтіледі.
Айта кетейік, оқытудағы барлық әзірленген материалдар халықаралық және жергілікті негізгі сарапшылардың, 50 Ұлттық жаттықтырушының, сондай-ақ оқытылған 1800 ОПҚ бірлескен жұмысының нәтижелерінен дайындалған.
Сондай-ақ, жоба аясында ПОҚ дербес және топтық тапсырмаларды орындайды, сондай-ақ, өздігінен оқуға арналған материалдармен жұмыс істейді.