Ясауи университеті мен ҚР Ұлттық ғылым академиясы Түркиямен ғылыми ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады

Ясауи университеті мен ҚР Ұлттық ғылым академиясы Түркиямен ғылыми ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады

Ахмет Ясауи университеті Қазақстан мен Түркияның ортақ ғылыми жобаларын жүзеге асыратын «негізгі координациялық орталық» болуы керек. Бұл туралы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті Күнсұлу Закарья университетте өткен дөңгелек үстел шарасында айтты.

«Ахмет Ясауи университеті және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары» атты дөңгелек үстел ғылым саласындағы өзекті мәселелер талқыланған диалог алаңына айналды.

Ең алдымен, дөңгелек үстел аясында ҚР Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті Күнсұлу Закарья бастаған делегация университет басшыларымен кездесіп, ғалымдардың ғылыми бағыттағы жобаларымен толығырақ танысты. Сондай-ақ, делегация өкілдері университеттің ботаникалық бағын аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.

Бұдан әрі университеттің ғалымдарымен еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған бірнеше мәселе талқыланды.

Олардың ішінде ең маңыздысы – Түркия мемлекетінің TÜBİTAK ұйымына қарасты институттарға Қазақстан Республикасы делегациясының іссапар жұмысын үйлестіру мәселесі болды.

«Қазіргі таңда Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, TÜBİTAK ұйымымен ортақ жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Осы бірлескен жұмысымыздың негізгі координациялық орталығы – Ахмет Ясауи университеті болуы керек деп ойлаймын. Себебі, сіздердің оқу орындарыңыз екі елге ортақ. Потенциалдарыңыз да жоғары. Сондықтан, Қазақстан атынан баратын делегация қатарына осы университеттің ғалымдары да кіруі керек», - деді Күнсұлу Закарья.

Сондай-ақ, академия басшысы жас ғалымдарды қолдау және ғылымға белсенді тарту мәселесіне тоқталды. Университет ғалымдарын ҚР Ұлттық ғылым академиясында құрылып жатқан Жас ғалымдар кеңесіне кіруге шақырды. Шара барысында өңірлік ғылымды дамыту мәселесіне де назар аударылды.

Университет ғалымдары ғылыми жұмыстары туралы баяндама жасап, жиынға қатысушылар Түркістан облысы/қаласы бойынша өзекті мәселелерді талқылау, оның шешу жолдарын анықтау, ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландыру және өндіріске енгізу мәселелерін талқыға салды.

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық ғылым академиясының делегациясы Ахмет Ясауи университеті қысқы мектебінің аясында өтіп жатқан Ғылым апталығына қатысып, білім ізденушілерге сәттілік тіледі.