
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде ЖОО-ның профессор-оқытушылар құрамына арналған қысқы мектеп жобасы басталды.
Бұл бастаманың мақсаты біліктілікті арттыру, оқытушылар арасында тәжірибе алмасу және оқу процесіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу.
Пленарлық отырыста «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» филиалдарының басшылары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай артындағы ҚазҰПУ профессорлары, «Rich TELS» психологиялық сүйемелдеу орталығының маманы баяндама жасады. Негізгі тақырып білім алушының деңгейін бағалау, жоғары оқу орындарында педагогикалық пәндерді оқытуда қолданылатын әдістер мен тәсілдер, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар студенттермен жұмыс істеудегі психологиялық аспектілер болды.
Секциялық отырыста «Coursera» халықаралық білім беру платформасында ашық онлайн-курстарды тегін игеру тәжірибесі талқыланды. Жобаға қатысушылар коммуникация, кәсіпкерлік, көшбасшылық және менеджмент, компьютерлік бағдарламалау, сондай-ақ бизнес-талдау дағдыларын табысты игере алды. Бұл онлайн-платформа биыл да оқытушыларға мол мүмкіндік бермек.
4 күндік қысқы мектепте 6 топ бойынша форсайт-сессиялар, семинарлар, лекториялар, тренингтер, шеберлік сыныптары өтіп отырады.
«Біз қысқы мектепте IT-технологияларды қолдану, білім беру бағдарламаларын әзірлеудің негізгі аспектілерімен, дене дамуының шарты ретінде дене шынықтыру-сауықтыру технологияларын пайдаланумен, ағылшын тілін оқытудың заманауи әдістемелерімен және басқа да өзекті тақырыптармен танысып жатырмыз», - дейді университет оқытушылары.