Yasawi университетінің студенттері стартап жобаларды сәтті іске асыруда

Yasawi университетінің студенттері стартап жобаларды сәтті іске асыруда

Бүгінде Ахмет Ясауи университетінде студенттер, магистранттар және докторанттардың стартап жобаларын қолдау және дамыту мақсатында ашылған «YASAWI STARTUP» бизнес инкубаторы қарқынды жұмыс істеп жатыр.

Осы жоба аясында 60 сағаттық «YASAWI» инкубациялық бағдарламасы бекітіліп, 3 ағымда 100-ден астам студент кәсіпкерлік білім алып, оның ішінде 50 студент жоғары нәтиже көрсетті. Ал 15 стартап жоба университеттің инкубациялық сертификатына ие болды.

Қазіргі таңда студенттердің «Тәтті-мәтті» және «Khoja Group – логотипі бар пакеттер» стартап-жобалары алғашқы өнімдерін шығарып, ішкі нарыққа сатылымын бастады.

Атап айтар болсақ, «Тәтті-мәтті» жобасы – қазақ тәттілерін нарыққа шығара отырып, көне рецептерді жаңғыртуға бағытталған.

«Қазіргі танда қазақстандық тәтті дүкендері мен дәмханаларын франциялық, италиялық, жапониялық тәттілері жаулап алуда. Қазақтың ескі ұлттық дәмдері ұмытылып бара жатыр. Осы мәселені шеші үшін қазақтың тәттілерін қайта жаңғыртып, рецептеріне жаңашылдық енгізе отырып, қазақ дәмін әлемдік нарыққа шығаруды көздейміз», - дейді жоба жетекшілері, 2 курс студенттері Мажит Әсел мен Жанабаева Балауса.

Ал логотипі бар пакеттер шығаруды көздейтін «Khoja Group» стартап-жобасының авторлары экологиялық таза өнім, ыңғайлылық және беріктікті ұсына отырып, түрлі ұйымдардың жарналамалық жұмысына, олардың тұтынушылар алдындағы беделін арттыруға және жаңа клиенттерді тартуына көмектеспек.

Бұдан бөлек, Ахмет Ясауи университетінің студенттері денсаулық сақтау, экология, әлеуметтік қолдау, IT, туризм және т.б. салаларда нәтижелі стартап жобаларды іске асыруға талпынып, үздіксіз жұмыс жүргізуде.