
Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында Shakarim University жас ғалымы, Министрлік қаржыландыратын ғылыми бағдарламаның кіші ғылыми қызметкері Назерке Муслимова пәтерлі болды. Бағдарлама Министрлік пен Отбасы банк арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы келісім аясында іске асты.
Мемлекет басшысы әрдайым дамудың басты кілті ғылым екенін атап өтеді. «Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын. Ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аталған бағдарлама жас ғалымдар үшін үлкен мүмкіндік екендігін жасырмады.
«Бүгін біздің отбасымыз үшін қуанышты күн. Биыл жаңа жылды өз баспанамызда қарсы алатын болдық. Менің ойымша, жас ғалымдарға бұл үлкен мотивация. Отбасымның атынан алғысымды білдіремін»,- деді жас ғалым.
Айта кету керек, ғалымдарды несиелендіру бағдарламасына қатысушы 40 жастан аспаған, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларына қатысуды қоса алғанда, кемінде 3 жыл ғылыми-зерттеу жұмыс өтілімен, дәрежесі магистр деңгейінен төмен емес болуы шарт. Аталған бағдарламаға қатысқан жас ғалым Абай облысы бойынша алғашқы болып баспаналы болды.
Бұл маңызды бастама жас ғалымдардың ғылыми қоғамдастыққа қосқан үлестерінің құндылығын мойындап қана қоймай, ғылыми шығармашылықтың қолжетімді және тұрақты болуына ұмтылады. Пәтерге қол жеткізген Назерке Рахифқызы бағдарламаның сәтті жүзеге асуының жарқын үлгісіне айналды. Бағдарлама Қазақстандағы ғылым көшбасшыларының жаңа буынын алдағы уақытта да қолдап, шабыттандыра беретіні сөзсіз.