Х. Досмұхамедов университетінде Google Devfest-2023 өтті

Х. Досмұхамедов университетінде Google Devfest-2023 өтті

Google DevFest - Қазақстанның батыс аймағында алғаш рет ұйымдастырылған технологиялық конференция. IT мамандар қауымдастығы бастамашы болған шараның басты серіктесі Х.Досұмхамедов университеті, аймақтық демеушілері A-Pro Academy бағдарламалау мектебі және QAP Solutions IT компаниясы.

Конференцияның мақсаты – жастарды ІТ саласына баулып, ортақ алаңын қалыптастыру және Google сарапшыларының тәжірбиесімен таныстыру. Шара аясында Google эксперттері мен IT мамандары өз тәжірибесімен бөлісіп, жасанды интеллект, роботтехника жасау, Flutter платформасында веб қосымшаларын әзірлеуге қатысты сұрақтарға жауап берді.

Google DevFest аясында студенттер арасында Startup жобалар байқауы өтті. Жеңімпаз жобаға 500 теңге сыйақы берілді. Сондай-ақ, робототехника жасағандардың үздік жұмыстары да бағаланып, мықты робот жасаушыға 100 мың теңге жүлде табысталды.

Бүгінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті IT саласына мамандарды дайындау бойынша трансформацияны бастап кеткен. Университет «A-Pro Academy» бағдарламалау мектебімен дуальді оқыту элементтеріне аутсорсинг беру арқылы мамандарды мақсатты даярлау туралы келісім шартқа отырды.

Нәтижесінде, 6В06101-Дизайндағы қолданбалы информатика, 6В06102-Бизнес-аналитика және IT жобаларды басқару, 6В06103-Жүйелер мен желілерді әкімшіліктеу сынды бағдарламалар бойынша студенттерге жоғары білім алуды қамтамасыз етуде.

Аутсорсингке алынатын білім бағдарламасындағы өндірістік модульдер:

- Frontend әзірлеу (HTML, CSS, JS, React/Vue/JQuery);

- Backend әзірлеу (PHP Laravel/Python Django, SQL);

- Кәсіпорынды дамыту (C#/.NetCore);

- Бағдарламалау тілдері (Python).

Аталған өндірістік модульдерді игерген студенттерге біліктілігі туралы арнайы құжат беріледі. Бұл құжат кәсіби функциялардың бір бөлігін орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, биыл Х.Досмұхамедов университетінде Атырау облысы бойынша спорттық бағдарламалау федерациясының өкілдігі ашылған. Қазіргі уақытта студенттері тарапынан бұл бағытқа деген қызығушылық күн санап артып келеді.

Өкілдіктің ашылуы спорттық бағдарламалауды дамыту және дарынды бағдарламашылардың жаңа буынын даярлау үшін маңызды қадам болды. Осы жылы Атырау университеті бағдарламалау бойынша Халықаралық чемпионаттың (ICPC) ширек финалын қабылдап, университет тарихында алғаш рет бағдарламалау бойынша оқу орының командасы қатысты. Бұл - Атырау университеті үшін үлкен тәжірибе.

Сондай-ақ, Атырау универсиетінен IT саласына қызығушылық танытатын студенттердің - UDA (United developers of Atyrau) бірлестігі құрылған. Бұл бастама технология саласындағы шығармашылық пен инновацияны қатар дамытады деген сенім бар.