
Биылғы жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы ғылым, жоғары білім және тіл саясаты мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің қорытынды отырысы өтті.
Отырыста Кеңес жұмысының қорытындылары және Министрліктің келесі жылға арналған негізгі міндеттері талқыланды. Ғылым мен жоғары білім беруді цифрландырудың қоғамдық сараптамасы, сондай-ақ ғылымды басқару жүйесінің тиімділігі, ҒТР басымдықтарын қалыптастырудың, ҰҒК және ғылым мен технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес жұмысының қорытындылары күн тәртібіне айналды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қоғамдық кеңес мүшелеріне ғылым мен жоғары білім саласын жақсартуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, одан әрі бірлескен жемісті жұмыстарға сенім білдірді.
Ведомство басшысы 2023 жылы атқарылған жұмыстар туралы өз есебін берді. ҚР ғылымы мен жоғары білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына егжей – тегжейлі тоқталып, «Мамандығым – болашағым», «Қазақстанның жаңа кәсіптері мен құзыреттерінің атласы», «Күміс университет», «Қазақстандық жоғары оқу орындарындағы Coursera» сияқты жобалардағы жетістіктерімен бөлісті.
Шара барысында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын, зертханаларды, шеберханаларды ашуға, сондай-ақ өңірлік жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіні дамытуға ерекше назар аударылды.
Министрдің баяндамасынан кейін Кеңес мүшелері өз пікірлерімен бөлісіп, педагогикалық білімге, ғылым академиясының рөлін күшейтуге, ғалымдардың мәртебесіне, ғылыми институттардың ғимараттарын қайта құруға, инфрақұрылымды жақсартуға қатысты мәселелерді көтерді.
Бұдан басқа, ҚР жоғары оқу орнын цифрлық трансформациялау тұжырымдамасын жасау ұсынылды. Цифрлық трансформация оқу үдерісіне ғана емес, сонымен қатар жоғары оқу орындарының инфрақұрылымына, технологиялық өнеркәсіптік платформаларға, зертханаларды дамытуға және т.б. әсер етеді.
Отырыс соңында ғылым, жоғары білім саласын жақсартуға үлес қосқан Қоғамдық кеңес мүшелерін марапаттау рәсімі өтті.
Айта кетейік, Қоғамдық кеңестің бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 12 айының қорытындысы бойынша 7 отырыс өткізілді.