Altynsarin Institute делегациясы Татарстан Республикасына сапары барысында осы елдің жоғары оқу орындарындағы әріптестерімен кездесті. Кездесулер нәтижесінде бірқатар келісімдерге қол қою туралы уағдаластық жасалды.
Институт ректоры бастаған АрқПИ делегациясы Татарстан университеттерінің ішінде Қазан федералды университетімен де кездесті. Бұл Ресейдің тоғыз федералды университетінің бірі, Ресейдегі Мәскеулік оқу орнынан кейінгі ең көне білім ордасы.
Қонақтарды Қазан федералдық университетінің сыртқы байланыстар жөніндегі проректоры Тимирхан Булатұлы Әлішев пен Сыртқы байланыстар департаментінің директоры Ольга Анатольевна Вершинина қарсы алды.
Талқыланған басты мәселе екі университет арасындағы ынтымақтастық векторларын анықтау болды. Тимирхан Әлішев Қазан университетімен таныстырды, оның тарихы мен құрылымы, ҚФУ-дағы инновациялық және ғылыми қызметі, негізгі білім беру бағдарламалары мен жобалары туралы айтты. Проректор университеттегі педагогикалық кадрларды даярлау мәселелеріне де ерекше тоқталды.
Сонымен қатар, 2023/2024 оқу жылында ҚФУ-да 543 Қазақстан азаматы білім алып жатқанын айтты.
«Біз бірқатар қазақстандық жоғары оқу орындарымен өте тығыз жұмыс жасаймыз. Ары қарай да өзара жұмысты жалғастыруға дайынбыз», – деп түйіндеді ҚФУ проректоры. Осы ретте, Қазақстан ғалымдары 2024 жылы Қазанда алғаш рет өтетін БРИКС саммиті аясындағы шараларға қатысуға шақырту алды.
Делегаттар университет өкілдерін тыңдап, оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты талқылады. Тараптар қос дипломдық бағдарламаларды құрудың алғашқы қадамы ретінде академиялық ұтқырлық шеңберіндегі бакалавриат және магистратура бағдарламаларына студенттерді қабылдауға дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар, өзара ынтымақтастықтың негізгі нысандары оқытушылардың, магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін тағылымдамадан өтуі, диссертацияларға ортақ жетекшілік етуі, ғалымдардың бірлескен жарияланымдарды шығаруы болып отыр.
Өз кезегінде қонақтар Қазан университетінің басшылығына қонақжайлылығы үшін алғысын білдіріп қана қоймай, ҚФУ-мен ынтымақтастыққа жоғары қызығушылық танытты.
«Әр университетте біз болашақтағы ынтымақтастық бағдарларын талқыладық. Біз үшін студенттеріміздің әлеуетін дамыту өте маңызды. Сіздердің университеттеріңіз, біздің ойымызша, мамандар даярлаудың жоғары деңгейін көрсетуде. ҚФУ-да бізді қызықтыратын салалар бар, мысалы, педагогика ғылымы, инклюзивті білім беру, мектепке дейінгі педагогика, бастауыш білім, оқыту әдістемесі. Сондықтан біз ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа мүдделіміз», – деді Ержан Әмірбекұлы өз сөзінде. Сондай-ақ, АрқПИ ректоры институтымыздың магистранттарына ғылыми жетекшілікке ҚФУ өкілдерін шақыруға дайын екенін айтты.
Кездесу барысында қос тарап ҚФУ мен АрқПИ арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюмен қатар, байланыс жол картасын әзірлеу туралы келісімге қол жеткізді.
Сәйкесінше, делегация мүшелері ҚФУ мұражайында, Филология және мәдениетаралық коммуникация институтында, ҚФУ Психология және білім беру институтында болды. Олардың басшылығы мен оқытушы-профессорлық ұжымымен кездесу ұйымдастырырылды. Қонақтар институттардың, ғылыми мектептер мен зертханалардың тарихымен, қызметімен, білім беру бағдарламаларымен, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық тәжірибесімен танысты.
Жалпы, университеттегі барлық дерлік кездесулердің нәтижесі ҚФУ-мен өзара байланыс туралы келісімдерге қол қою болмақ. Аталған шаралар Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрлігімен келіскеннен кейін жүзеге асады.
Айта кетерлігі, бұл Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты делегациясының Татарстанға бірінші сапары. Сондай-ақ, ынтымақтастықтың болашақ нысандары оң нәтижесін беретіндігіне сенім мол.