Alikhan Bokeikhan University Иннополис университетімен ғылым және IT-технологияларды дамыту туралы келісімге қол қойды

Alikhan Bokeikhan University Иннополис университетімен ғылым және IT-технологияларды дамыту туралы келісімге қол қойды

Абай облысының делегациясы құрамындағы Әлихан Бөкейхан университетінің басшылығы Татарстан Республикасына жасаған іс-сапары аясында Иннополис қаласына барды.

Иннополис – Қазан қаласы агломерациясы аумағында тұрғызылған заманауи қала. Онда Иннополис университеті мен «Иннополис» ерекше экономикалық аумағы бар. Мәскеу жанындағы Сколково және Новосібірдегі Кольцово аумақтарымен қатар, Ресейдегі IT технологияларды дамыту мақсатында тұрғызылған ғылыми-өндірістік аумақтардың бірі.

Сапар нәтижесінде Әлихан Бөкейхан университеті мен Abai IT-Valley Технокластері университеті Иннополис Университетімен ғылым мен IT технологияларды дамыту туралы келісімге қол қойды. Келісім бірлескен жобаларды жүзеге асыруды, жасанды интеллект пен робототехника саласындағы академиялық және ғылыми алмасуды, инновациялық аумақтарды құруда тәжірибесімен бөлісу ынтымақтастығын көздейді.

Иннополис университетінде барлық академиялық бағдарламалар ағылшын тілінде жүргізіледі, ал мамандықтар ақпараттық технологиялармен тығыз байланысты. Университет Ресейдегі 297 жетекші IT-компаниялармен біріккен 17 зертханасы мен 9 даму орталығы бар ғылыми орталық.

«Мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз» лауреаттарын марапаттау рәсімінде «Еліміз жаһандық цифрлық технология орталығы ретіндегі орнын нығайтуы керек. Қазақстан ірі халықаралық IT компаниялардың кеңселері орналасатын аумақ бола алады және болуға тиіс» деп атап өтті. Осы бағытта Абай облысы IT секторын дамыту үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Татарстан Республикасына жұмыс сапары ақпараттық технологиялар саласындағы мүмкіндіктерді кеңейту жолындағы маңызды қадам. Бұл бағытта облысымызда белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр»,-деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев келісімшартқа қол қою сәтінде.

Сондай-ақ, сапар барысында өңір делегациясы «Иннополис» арнайы экономикалық аймағымен танысты. Бұл озық инновациялық шешімдер әзірленетін және коммерцияланатын аймақ. Сондай-ақ, АЭА негізгі нысаны технопарк кеңселері мен даму орталықтары бар заманауи, көп функционалды кешен болып табылады. Мұнда IT компанияларды дамуына барлық қолайлы жағдайлар жасалған, жаңа перспективалы жобалар да, ірі ресейлік және халықаралық IT-компаниялар да шоғырланған.