Түркиялық профессор Осман империясының тарихы жөнінде дәріс оқуда

Түркиялық профессор Осман империясының тарихы жөнінде дәріс оқуда

Марғұлан университетіне Токат қаласында орналасқан Газиосманпаша университеті (Түркия) тарих факультетінің деканы, профессор, философия ғылымдарының докторы Alpaslan Demir іс-сапармен келді.

Түрік профессоры Марғұлан университеті «Тарих» білім беру бағдарламасының студенттері мен магистранттарына және докторанттарына дәріс оқиды. Атап айтқанда, білім алушылар шетелдік тарихшыдан Осман империясының тарихы мен түркі халықтарының өткені туралы маңызды мәліметтер алатын болады. Түркия Республикасының заманауи білім беру жүйесімен таныстыру арқылы түбі бір туысқан елдердің тарихын оқу, оны қазақ елінің тарихымен ұштастыра отырып сіңіру бүгінгі ұрпақ үшін айрықша маңызға ие.

Еске салайық, осы жылы қараша айының басында Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Түркия еліне арнайы барып, Газиосманпаша мемлекеттік университетінің басшылығымен «Тарих» және «Шетел тілі» мамандықтары бойынша қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру туралы келісімдерге қол қойды.

Шетелдік профессорлардың сабақтары студенттер үшін ақпараттық және педагогикалық тұрғыда маңызды болмақ. Дәріс барысында алған білімдерін болашақ ұстаздар мектепте ғана емес, ғылыми-зерттеу жұмыстарына да пайдалануға болады.