
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің инженер-программистері Нұрлан Қайранбаев пен Мағжан Сағитжан балаларға арнап мемлекеттік тілде мультфильм жасап шығарды. «Жұмбақсай оқиғасы» атты шытырманға толы туынды белгілі ғалым, фантаст-жазушы Рысбек Баймахановтың әңгімесі желісімен анимацияланды.
Сегіз минуттық мультфильмді программистер бар-жоғы бір аптада жасап шығарды.
Ертегіде барлығы 5 персонаж – 3 бала, әкесі және ит. Инженерлер мультфильмде Алматы облысындағы Нарынқолдың табиғатын салғандарын айтады.
Мультфильмді жасаушылар бірнеше 3D бағдарламаны пайдаланған. Мәселен, Autodesk Maya арқылы олар табиғатты, ал Z-brash-пен персонаждардың құлақ, көзін, мұрын мен әжімдерін салған. Нұрлан Қайранбаев пен Мағжан Сағитжан өздері мультипликатор, аниматор, режиссер, дыбыс режиссері болып, тіпті бір кейіпкерді өздері дыбыстаған.
Ал қалған үш кейіпкерді белгілі диктор Гүлназид Омарова тегін дыбыстап берді. «Бірінші мақсатымыз – балаларға арнап ана тілінде мультфильм жасау болса, екінші, осындай анимациялық фильмдерді жасауда қаражатты үнемдеуді көздедік», - дейді Нұрлан Қайранбаев.
Бұл мультфильмді жасағанға ешқандай қаражат жұмсалмаған. Ал әлемге танымал студиялар мұндай туындыларды қымбатқа жасайды.
«Негізі мультфильм жасаушылар 1 минутқа 1 200 000 теңге алады. Бұл ескі баға. Қазір ол қымбаттаған болуы мүмкін. Сонымен бірге бір мультфильмді 15-20 адам қосылып жасайды. Ал біз өзіміз режиссер, өзіміз дизайнер, өзіміз 3D аниматор болдық. 1 теңге қаражат жұмсамастан бір жетіде жасап шығардық. Дикторларға да негізі ақша беріледі. Бірақ, бізге белгілі диктор Гүлнәзид Омарова тегін оқып берді. Кейіпкерлердің бірін Мағжан Сағитжан дыбыстады», - дейді инженер-программист Нұрлан Қайранбаев.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің инженер-программистері мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қазақ тілінде тағы да басқа мультфильмдер жасап, көрерменге ұсынуды жоспарлап отыр.