
30 қараша мен 2 желтоқсан аралығында Yessenov University-де ҚР Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Astana Hub-тың қолдауымен, «Kazakh Tourism» ҰҚ АҚ және «Shazam Media» ЖШС ұйымдастырғант«Қазақстанда туризмді тұрақты дамыту және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін инновациялар» тақырыбындағы Хакатон 3 күн бойына созылып, өз мәресіне жетті.
Хакатонның негізгі мақсаты – Қазақстандағы, соның ішінде Маңғыстау облысының туризмін дамыту үшін тың идеялар мен жобаларға арналған.
Хакатонда 77 қатысушыдан тұратын 11 команда бақ сынады.
Жобалардың негізгі тапсырмалары су айдындарында және шалғай таулы аудандарда интернетсіз туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету (байланыспен қамтамасыз ету) үшін цифрлық шешім әзірлеу және интерактивті карталарды, көрікті жерлер туралы ақпаратты, қауіпсіздік кеңестерін және көмекке қоңырау шалу мүмкіндігін қамтитын мобильді қосымшаны жасауға байланысты болды.
Қатысушыларға офлайн режимінде жұмыс істейтін туристерге арналған әмбебап таптырмас қосымша ұсыну қажет болды.
Командаларға бонус ретінде жобаның презентациясы қалай жасалуы керек, жобаға қажетті цифрлық инструменттер, код жазу бойынша мастер-класстар өткізілді. Командалар тапсырманы алған соң қызу жұмысқа кірісіп кетті. IT-саласында қызмет етіп жүрген мамандар қатысушыларға ментор ретінде 3 күн бойы көмек көрсетті.
Хакатонның 2-ші күні де командалар жоспарлаған жұмыстары бойынша үздіксіз жұмыс жасады.
Осылайша, Хакатонның 3-ші күні 11 команда берілген тапсырма негізінде өз жобаларын қорғады.
Қазылар алқасының шешімімен ең мықты деп танылған 3 жоба жүлделі орыннан көрініп, жеңімпаз атанды.
Оның ішінде 1 орын (1 500 000 тг) - Yessenov University «Techies» командасы, 2 орын (1 000 000 тг) - Yessenov University «Кубиттер» командасы және 3 орын (500 000 тг) - Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы жеңіп, ақшалай сыйақыларға ие болды.