Саясат Нұрбек Катар мемлекетінің білім, жоғары білім және тәрбие министрімен кездесу өткізді

Саясат Нұрбек Катар мемлекетінің білім, жоғары білім және тәрбие министрімен кездесу өткізді

Бүгін Білім берудегі инновациялар жөніндегі дүниежүзілік саммитке (WISE) қатысу шеңберінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Катар мемлекетінің Білім, жоғары білім және тәрбие министрі Бутайна бинт Әли Әл-Джабр Әл-Нуаймимен кездесті.

Тараптар екі ел арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады.

С. Нұрбек өз сөзінде Қазақстанның жоғары білім және ғылым саласын жақсарту мақсатында жүргізіліп жатқан соңғы реформаларды атап өтті, сондай-ақ цифрландыру мәселесіне жеке тоқталды.

Атап айтқанда, ҚР жоғары білім беру бағдарламасын таныстырды. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда жоғары оқу орындары мен ғылыми институттарды цифрландыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Мәселен, осы тапсырманы орындау аясында Қызылордада жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды, сондай-ақ өңірлік жоғары оқу орындарының базасында осындай форматтағы мектептер ашу жоспарлануда.

«Қазақстанда жасанды интеллект және цифрландыру саласында үлкен жұмыс жүргізілуде. Осы жұмыс шеңберінде Қазақстанға шетелдік технологиялар трансферін жүзеге асыратын орталықтар ашылуда. Мұндай орталықтар Satbayev University, Yessenov University, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде және басқа да жоғары оқу орындарында ашылады. Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы жұмыс істей бастайды, екі университет — Satbayev University және Шығыс Қазақстан техникалық университеті цифрлық университеттің пилоттық жобаларын іске қосты», — деп атап өтті С. Нұрбек.

Өз кезегінде, Катар министрі ЖИ дамыту саласында Катарда жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабарлады.

Кездесу соңында министрлер Саясат Нұрбек пен Бутайна бинт Әли Әл-Джабр Әл-Нуайми ғылым және жоғары білім саласындағы ЖИ дамыту саласында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті.