«UNIVERSITY LEAGUE» СТУДЕНТТІК ФУТЗАЛ ЧЕМПИОНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

«UNIVERSITY LEAGUE» СТУДЕНТТІК ФУТЗАЛ ЧЕМПИОНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен 20-24 қараша аралығында «University League» ҚҚ жоғары оқу орындарының құрама командалары арасында футзалдан ҚР чемпионатының супер-финалын өткізді.
Бүгін спорттық іс-шараның финалы мен марапаттау рәсімі өтті.
Чемпионатты өткізудің мақсаты - ҚР әуесқой азаматтары арасында футзалды дамыту, насихаттау және танымал ету, көпшілікті, ең алдымен жастарды футболмен айналысуға тарту, әуесқой футболдың бірыңғай ұжымдық рухын қалыптастыру.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің құттықтау сөзінде студенттік кезеңде спортқа уақыт бөлу маңызды екенін және мұндай іс-шаралар студенттердің өміріне оң әсерін тигізетінін атап өтті.
«Құрметті студенттер, сіздер бұқаралық спорттың дамуына зор үлес қосасыздар. Бұған Түркістанда өткен Түркі универсиадасы-2023 және осы жылғы Азия ойындарындағы жетістіктер дәлел. Бүгін сіздер спортқа деген қызығушылықтарыңызды қайта көрсетіп, жақсы дайындықты көрсетесіз. Келесі жылдан бастап Министрліктің қолдауымен осындай чемпионаттар мен басқа да спорттық іс-шаралар өз жалғасын табады. Спорт салауатты өмір салтын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, ал денсаулықсыз алынған барлық білім, сіздің жетістіктеріңіз қажет болмайды. Сондықтан спорт - Сіздің денсаулығыңыздың кепілі. Сіздің спорттық жетістіктеріңіз жалпы GPA-ға есептеледі, бұндай бастама әзірге 6 ЖОО-да пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Супер финалға Қазақстанның 16 университеті қатысты. Олардың ішінде Алматы, Қарағанды және Қызылорда қалаларының ЖОО құрамалары үздік атанды.
Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің студенттері чемпион атанды, екінші орынды А. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің командасы еншілесе, үшінші орынды Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті иеленді.
Студенттер ірі іс-шараны жоғары деңгейде өткізгені үшін ұйымдастырушыларға және ҚР ҒЖБМ-не алғыстарын білдірді, сондай-ақ чемпионаттың одан әрі жалғасатындығына үміт білдірді.
Айта кетейік, өңірлік іріктеу кезеңдері 2023 жылдың 1 қазанынан 12 қарашасына дейін өтті, оған 30 команда қатысты.