
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің тарих факультетінде Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының Батыс Қазақстандағы филиалы ашылды.
Университет тарихындағы маңызды шараны қолдау мақсатында Түркия, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен және еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі тарихшылар мен ғалымдар келді.
Филиалдың ашылуына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова қатысты.
«Археологиялық ғылымды дамытуымыз керек. Бұл - біздің негізгі тарихымыз. Институт филиалын ашуда Ақтөбе облысының таңдалғаны өте маңызды. Бүгінде батыс өңірінде және басқа да облыстарда археологиялық зерттеулер белсенді жүргізілуде. Жаңа тарихи орындар анықталып, көптеген кітаптар жазылуда. Мұның бәрі өскелең ұрпақ үшін мол мұра»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Салтанатты жиынға Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғарұлы да қатысты. Айтуынша, бұл Археология институтының үшінші филиалы, екеуі Астана мен Петропавл қалаларында ашылған.
«Ақтөбе - тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өңір. Әсіресе Ойыл ауданында ғұн өркениетінің ізі қалған. Биыл Ақтөбелік археологтармен бірге "Ғұн жобасы" бойынша белсенді жұмыс жасадық. Қазба жұмыстары төрт қорымда жүргізілді. Ғұн ескерткіштерін зерттеуге Жұбанов университетінің студенттері белсенді қатысты. Ақтөбедегі филиалдың Жұбанов университетінде ашылуы біз үшін көптен күткен маңызды оқиға. Ғылыми тұрғыдан археологиялық қазба жұмыстарын басқаруға университет базасы біз үшін өте қолайлы, әрі зерттеуге қажет барлық материалдық-техникалық құралдармен, аудиториялармен жабдықталған»,- дейді Ақан Оңғарұлы.
Сонымен қатар Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының физикалық антропология зертханасының жетекшісі, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті тарих факультетінің түлегі Жанұзақ Рамазан филиалдың ашылуы Жұбанов университетіне үлкен мүмкіндіктер беретініне сенімді.
«Ақтөбелік әріптестеріммен тағы да серіктес болғаныма қуаныштымын. Енді институттың Батыс Қазақстандағы филиалы өңірдің төрт облысына да жауапты. Ақтөбелік студенттер археологиялық артефактілерге көбірек қол жеткізе алады. Бұл оларға дипломдық жұмыстарын жазуға және ғылыми мақалалар дайындауға көмектеседі. Сондай-ақ болашақта археологиямен айналысуға ынталандырады. Біз жаңа кадрларды тәрбиелеп жатырмыз. Қазіргі таңда Қазақстанның археологиялық ғылымы кадрлық қажеттілікті сезінуде. Сондықтан филиалдың ашылуы біз үшін зор мүмкіндік»,-дейді антрополог.