Altynsarin Institute-да түркиялық ғалымдар дәріс оқуда

Altynsarin Institute-да түркиялық ғалымдар дәріс оқуда

Білім беру және ғылыми процестерді интернационалдандыруды арттырудың негізгі индикаторының бірі өзге мемлекеттердің жетекші жоғары оқу орындарынан шетелдік профессорларды тарту болып табылады.

Осы мақсатта Ы. Алтынсарин атындағы АрқПИ-на «Шақырылған шетелдік ғалым» бағдарламасы аясында ағымдағы оқу жылында кезекті ғалымдар Түркиядан келіп, студенттерге дәріс оқып бастады.

Нигде қаласында орналасқан Nigde Ömer Halisdemir University-нің (Нигде Омер Халисдемир университеті) қос профессоры Hikmet Koraş (Хикмет Кораш) пен Ekiz Mehmet (Екиз Мехмет) 20 қараша мен 18 желтоқсан аралығында өз тәжірибелерімен бөлісетін болады.

Айта кетейік, Hikmet Koraş Нигде Омер Халисдемир университетіндегі «Түркі Әлемі зерттеулері» орталығының басшысы қызметін атқарады. «Қазіргі түркі тілдері және әдебиеттері» кафедрасының меңгерушісі. Ал, Ekiz Mehmet аталған университеттің «Өнер тарихы және археология» кафедрасының меңгерушісі. Түріктердің мәдениеті, тарихы бағытында зерттеулер жүргізеді.

Апта басында түркиялық қос ғалымды Басқарма басшысы – Ректор Ержан Әмірбекұлы қабылдап, институтта өткізетін мазмұнды дәрістеріне сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде: «Профессорлармен тәжірибе алмасу бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және ғылыми зерттеулер жүргізуге оң әсерін тигізеді. Шетелдік әріптес университеттермен ынтымақтастық процесі, қос университет арасындағы уағдаластықтың болашағына сенімім мол» - деді.

Профессорлар Altynsarin Institute-ның «Педагогика және филология», «Жаратылыстану және ақпараттандыру» факультетінің студенттеріне дәріс оқитындығын естеріңізге саламыз.