
2023-2024 оқу жылының күзгі семестрінде университетіміздің 7 студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелге оқуға барды.
Олардың қатарында «Шетел тілі: екі шет тілі», «Тарих», «Математика – физика» мамандықтарының 2, 3, 4 курс студенттері бар. Олар Венгрияның Шопрон университетіне, Түркияның Токат Газиосманпаша университетіне, Чанаккале Онсекиз Март университетіне, Стамбул Айдын университетіне барды.
Жақында Марғұлан университетінің ректоры Жанбол Жилбаев бастаған делегация Түркияға барған іс-сапары барысында сонда оқып жатқан студенттермен де жүздесіп, жағдайларымен танысып қайтқан болатын. Солардың бірі - «Тарих» білім беру бағдарламасының студенті Арнұр Қанатбекұлы. Түркияның Токат Газиосманпаша университетінде білімін жетілдіруде. Студент шетелден көрген білгені мен алған әсерін бізбен де бөлісті. Жерлесіміздің айтуынша, ол жақта адамдар білім алу үшін жасына қарамайды. Яғни, жасы келген үлкен адамдар да білім алуға құштар екен дейді ол.
«Токат Газиосманпаша университетінің басшылығы оқуға керек-жарағымыз бен жататын орнымызды толықтай қамтамасыз етіп, барынша көмек көрсетті. Бұл жақтан үйренеріміз көп екен. Мені таң қалдырғаны бір жайт бар. Ол білім алу адамның жасымен өлшенбейді, яғни ешқашан да кеш емес. Оған дәлел – тобымызда жастары 30-дан, 40-тан асқан студенттер бакалавр деңгейінде білім алып жатыр», - дейді Арнұр Қанатбекұлы.
«Шет тілдері: екі шет тілі» білім беру бағдарламасының студенті Аружан Жанатова болса Венгрияның Шопрон университетіне түскен. Оның сөзінше, шетелде білім беру әдістемесі әр алуан.
«Мұғалім студенттерге тақырыптар бойынша презентациялар береді. Көп сөйлетеді, топтық жұмыстар жасаймыз. Университет шетелдік студенттерге әртүрлі шаралар ұйымдастырады. Мысалы, мұғалімдер Шопронның табиғатына шығарады, интернационалды студенттер үшін Welcome event - шараларын жасайды. Студенттерді жинап кеш ұйымдастырады: онда әр елдің өкілдері өз тамағын пісіреді», - дейді Аружан.
Осы ретте шетелде білім алуға мүмкіндік алған студенттер Марғұлан университетінің басшылығына және Токат Газиосманпаша университетінің ұжымына өз алғыстарын білдірді.