ОҚПУ студенттері жатақханамен толық қамтылды

ОҚПУ студенттері жатақханамен толық қамтылды

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-де жастарды жатақханамен қамту мәселесі түбегейлі шешілді. Университетте бүгінде барлығы 5 жатақхана болса, оның екеуі оқу орынының меншігінде. Ал, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде тағы үш студенттер үйі салынды. Бұл бюджетке түсетін салмақты азайтып, орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Жатақхананың әр бөлмесінде жуынатын душ, дәретхана, сапалы жиһаздар мен тоңазытқыш бар.

Барлық қабатта электр плиталы ас бөлмесі, кір жуғыш машиналар мен кір жуу, үтіктеу және кептіру бөлмелері бар. Әр бөлмеде екі адам тұрады. Студенттер үйінде сондай-ақ, медициналық кешен, оқу бөлмесі мен кітапхана, 50 орындық компьютерлік сынып,үздіксіз Wi-Fi қызметі қосылған.

Бизнеспен тығыз ынтымақтастық МЖӘ негізінде тамыз айының соңында, ағымдағы оқу жылының қарсаңында жаңа жатақхана пайдалануға берілді.

500 орынға есептелген қонақүй үлгісіндегі жеті қабатты ғимарат бір жылға жетпей бой көтерді. Орналастыру кезінде ауылдан келген және көпбалалы отбасылардан шыққан студенттерге басымдық берілді. Жаңа заманауи Студенттер үйі университеттің оқу корпусы жанында орналасқан.

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-де қазір барлығы 7552 студент білім алуда, оның 1635-і жатақханада тұрады. Жатақханаға орналастыру бойынша барлық өтініштер толығымен қанағаттандырылған, тіпті бос орындар да бар. Докторанттар мен магистранттар да студенттік жатақханада тұра алады.