
С. Аманжолов атындағы ШҚУ ҚР Ұлттық ядролық орталығымен белсенді ынтымақтастықта. Ғылыми-зерттеу серіктестігі аясында баламалы энергетиканы дамыту бойынша бірлескен ғылыми-техникалық бағдарламалар іске асырылуда.
Биыл «Қазақстан Республикасында баламалы энергетиканы дамыту үшін сутегін өндіру және сақтау технологияларын әзірлеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бөлінісінде үш жылдық ғылыми бағдарлама өз мәресіне жетті.
Жоба ҚР ҒЖБМ-мен қаржыландырылды. Зерттеу жұмысының басында ҚР Ұлттық ядролық орталығы тұр. Ал, бірлескен орындаушы С. Аманжолов атындағы ШҚУ. Баламалы энергетика саласындағы зерттеулердің нәтижелері бойынша ҚР ҰЯО мамандарымен бірлесіп ғылыми мақалалар мен патенттер жарияланды. Бұл бағдарламаның ерекшелігі – сутекті өндіру, сақтау және тасымалдау технологияларынан бастап оны отын элементтері арқылы пайдалануға дейінгі айналмалы логикалық тәсілінде жатыр.
Бұл зерттеулерді тереңдету бойынша жұмыстың жалғасы ҚР ҰЯО-мен ынтымақтастық аясында 2023-2025 жылдарға арналған ҚР ҒЖБМ бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша сутегі энергетикасы саласындағы университет ғалымдарының жаңа ізденістері аясындағы жұмыстар саналады. Сутегі энергетикасын дамыту көмірсутек секторын әртараптандыруға, экономиканы жаңа технологиялық құрылыммен озық трансформацияны қамтамасыз етуге және елдің серпінді әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті артықшылықтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, ШҚУ-дың жақсы материалдық-техникалық базасы, отын элементтеріне арналған композициялық материалдар саласында бірқатар құзыреттері мен ғылыми негіздері бар. Өз кезегінде ҚР Ұлттық ядролық орталығы сутегі бағыты бойынша зерттеу қызметінде бай тәжірибеге ие. Мұндай "аймақтық" серіктестік университет ғылымын дамытуды, коммерцияландыру мен өнеркәсіпті шоғырландырудың маңыздылығын көрсетеді.
Осындай бірлескен жобалар отандық технологияларды жетілдіріп, ғылыми қызметкерлердің құзыретін арттырады және Қазақстанның ірі инвестициялық "сутегі" жобалары үшін кәсіби кадрлар дайындайды.